«Пандемияға байланысты Қазақстан мен Қытай шекарасына енгізілген уақытша шектеу шаралары тезірек аяқталып, алыс-беріс қайтадан жандана түседі деп сенеміз». Мемлекет басшысы осылай деді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай халықаралық импорттық тауарларының төртінші көрмесінің ашылу рәсімінде бейнеүндеу жасады. Маңызды іс-шараға 120-дан астам мемлекеттен тауар өндірушілер жиналды. Ал Қазақстаннан 30 ірі өнім өндіруші қатысуда. Олар жалпы құны 100 миллион доллардан асатын азық-түлік және ауыл шаруашылығы өнімдерін сатуға келісімшарт жасайды деп жоспарланған. Атап өтейік, биыл біздің Тәуелсіздікке 30 жыл болса, Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына – 100 жыл. Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына да 30 жыл толады. Президент екі елдің байланысын жоғары бағалады.