Қарағанды облысында 642 сайлау учаскесі дайын тұр. Ертеңнен бастап аудан, ауылдағы учаскелерге бюлетеньдер жіберіле бастайды. Ал байқаушылар орталық сайлау комиссиясының тіркеуінен өткен соң сайлау күні әр учаскеге жіберіледі. Бүгін қалада орталық сайлау комиссиясының көшпелі семинар-кеңесі өтті. Жиында учаскелердегі комиссия мүшелеріне, байқаушыларға, сенімді өкілдерге, журналистерге сайлау күнгі заң аясында жұмыс істеу тәртібі түсіндірілді. Облыс бойынша дауыс беру құқығына ие 768 мың адам тіркелген. Өз таңдауын жасауға келген азаматтарға жоғары деңгейде қызмет көрсету үшін сайлау учаскелерінің дайындығы пысықталды. Қайрат Нұркенов, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: - Қарағанды облысында бүгінгі таңда 642 сайлау учаскелері тіркелген. Оларда 4800 адам сайлау учаскелері комиссияларының құрамына кіреді. Біріншіден сайлау комиссиясының мүшелері, байқаушылар, штаб өкілдері бәрі тыныш, заңды түрде жұмыс істеуі үшін осындай семинарлар өткізілуде.