Спортшылар гуманитарлық көмек жібереді

Спортшылар да аймақтарға аттанып, бөгеттер тұрғызуға және эвакуациялық жұмыстарға көмектесіп жүр, деп хабарлайды 24KZ.

Мыңдаған сала өкілі еріктілер қатарына қосылды. Ондаған федерация материалдық қолдау танытты.

Спортшылар гуманитарлық көмек жібереді

Біздің күшіміз бірлікте. Дәл осындай ұранды ұстанған спорт саласының өкілдері табиғи апаттан зардап шеккен аймақтарға қолдау көрсетуін жалғастырып жатыр. Мәселен, бүгін Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы бастамасымен Қостанай облысына гуманитарлық көмек жөнелтіледі. Оған сала қызметкерлері азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек, басқа да қажетті заттарды жинап қойды. Осыған дейін мекеме қызметкерлері арнайы есепшотқа бір күндік жалақыларын да аударған болатын. Ал алдағы демалыс күндері басқарманың және оған бағынысты мекеменің мамандары қолдарына қапшық пен күрек алып, Ақмола облысына қарасты Күйгенжар ауылына аттанбақ. Ол жақта су тасқыны салдарын жоюға көмектеседі.

«Бүгінде еліміздің бірнеше өңірінде табиғи апат қаупі күшейіп, көктемгі су тасқыны болып жатыр. Дегенмен қазақстандық еріктілер қиындық кезінде ешқашан шет қалған емес. Қазір де көптеген отандастарымыз су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетіп, қол ұшын созып жатыр. Халқымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы осындай сын сағаттарда көрініс беретіндігі көңіл қуантады...», – Василий Левит, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы.

Айта кетейік, спорт саласының мамандары еліміздің барлық аймағында қызыл су қауіпі төнгеннен бері қолдан келер көмектерін көрсетіп жүр. Бас-аяғы 8 мыңға жуық сала маманы эвакуациялық аймақтарға аттанды. Олар суды сорып, жолдарды тазалап, топырақ тастаумен айналысады. Бұған қоса 32 спорттық федерация қызыл судан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсетті. Ал 6 федерация қаржылай қолдау танытты. Тағы бір айта кетерлігі, 5 облыста 13 спорт нысаны су астында қалған. Аталмыш ғимараттар қысқа мерзімде қалпына келтіріліп, жұмысын бұрынғы тәртіпте жалғастырады, – деді салаға жауапты мамандар.

 

Жәнібек Әлімханұлы қолдау білдірді

Қиындықтағы бауыларыма құдай жеңілдігін берсін. Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы әлеуметтік желідегі парақшасына осындай жазба қалдырды. Мұхиттың арғы жағында жүрген жерлесіміз су тасқынынан зардап шеккен адамдарға амандық тілеп, уайымдап отырғанын жеткізген. Қайғының арты қуаныш болғай. Табиғи апаттар азайып, қазақтың қуанышы көбейсін, – деп сөзін түйіндеді Жәнібек. Айта кетейік, қазақстандық боксшы кәсіпқой рингте бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Соның арқасында WBO және IBF белбеулерін біріктірді. Ал қазір кезекті қарсыласын іздеп, келісімдер жүргізіп жатыр. Кездесу нақты қайда және кіммен болары әзірге белгісіз.

 

Күрес түрлерінен азия чемпионаты

1 алтын, 1 күміс және 1 қола. Қазақстандық классиктер Азия чемпионда осындай жетістікке жетті. Құрлықтық дода керші қырғыз елінде өтіп жатыр. Күні кеше грек-рим күресінен 5 салмақтағы үздіктер анықталды. Әсіресе 63 келіде қазақстандық Ержет Жарлықасын қарсылас шақ келтірмеді. Ақтық сында жапониялық Аята Сузукиден басым түсті. Сала мамандары оған тіпті сенсациялық жеңіс деген баға берді. Өйткені Ержет ересектер арасындағы аламандарға енді араласып жүр. Соған қарамастан тәжірибелі палуандарды жеңіп, Азия чемпионы атанды. Бұл оның кәсіпқой мансабындағы ең үлкен жетістігі саналады. Бұған қоса Нұрсұлтан Тұрсыновта да осындай мүмкіндік болған. 87 келіде өнер көрсететін жерлесіміз финалда ирандық Хасем Ализадеден ұтырып, күміс жүлдеге қол созды. Ал қоланы 77 келідегі Ибрагим Магомадов жеңіп алды. Бішкек қаласындағы байрақты бәсеке бүгін де жалғасын табады. Грек-рим күресі бойынша соңғы 5 медаль жиынтығы сарапқа салынады.