Бас бапкердің сөзі: Бір қола алсақ па дейміз...
Қазақстан құрамасының дзюдошылары 3 күнге созылған халықаралық оқу-жаттығу жиынын аяқтады.
Әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындыққа 14 мемлекеттен 100-ге жуық спортшы қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Арасында есімдері әлемге мәшһүр балуандар да бар.
Спортшылар Астанада өткен гранд-слэм жарысы аяқталған бойда қызу дайындыққа кірісіп кетті. Алда әлем чемпионаты. Олар 3 күн бойы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жаттығып, қорытынды жиындарға қатысты.
Нұрбол Сүлейменов, дзюдодан ерлер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Жігіттер енді, өздеріңіз білесіздер, бірінен соң бірі жарыс болып жатқаннан кейін жігіттерді кішкене демалтып, жеңіл желпі жаттықтырып апарайын деп отырмыз.
- Әлем чемпионатынан қанша жүлде күтіп отырсыздар?
- Бір қола алсақ па дейміз...
Халықаралық жиынға қатысушылар арасында әлем чемпионаттары мен олимпиада ойындарының жеңімпаздары, жүлдегерлері бар. Мысалы канадалық Криста Дегучи, тайбэйлік Ян Юнвэй, жапониялық Сайто Тацуро сынды мықтылар болды.
Занет Михаэлиду, спортшы:
- Барлығы жақсы болды. Жаттығу да тамаша өтті. Көп адаммен бірге дайындалуға, жаттығуға жақсы жағдай жасалды. Маған ұнады. Қазақстан өте әдемі, жайлы ел екен. Адамдары қонақжай, жағдайымызды жасауға тырысып жатыр. Қоршаған орта, бәрі-бәрі ұнады. Қазақстанға екінші мәрте келуім. Бұған дейін 4 жыл бұрын Алматыда болғанмын.
Ерлан Алпысбаев, дзюдодан әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- Қыздарымыздың көңіл-күйі жақсы. Жас қыздар. Кеше жаттығуда әлем чемпионы Криста Дегучидің қасына барып, әдістерін сұрап, көрсетіп біздің қыздарға жақсы болды тәжірибе жағынан.
Барлық спортшының ойында бір ғана мақсат. Ол – Әбу Дабиде өтетін әлем чемпионатын жеңіп, артынша Париждегі олимпиада ойындарында топ жару. Әлем біріншілігінде Қазақстан атынан 7 салмақта 11 дзюдошы сынға түседі. Арасында Елдос Сметов те бар. Ал қыздардан Әбиба бастаған 7 спортшы бақ сынайды.
Ерлан Алпысбаев, дзюдодан әйелдер арасында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:
- 48 келіде бізде Әбиба мен Ғалия барады. 57 келіде Құссақбаева Бақыт барады. 63-те Есімгүл Құйылова, 70-те Екатерина Токарева, 78-де Аружан Жангелдина. Ауыр салмақта – Камила Берліқаш.
Әбу-Дабидегі әлем чемпионаты мамырдың 19-ы мен 24-і аралығында өтеді. Оған 109 елден 700-ге жуық спортшы қатысады. Қазақстандық балуандар ертең жолға шығады.
Мерей Қанапия, Мадияр Қындыбаев 24.KZ.