Астанада бокстан «Елорда кубогы» халықаралық турнирі өтіп жатыр

Әйелдер арасындағы бәсекеде 9 спортшымыз финалға шықты.

Бүгін 31 боксшы шешуші кезең жолдамаларын сарапқа салады.

Кіл мықтылар бас қосқан додада кімдердің асығы алшысынан түсіп жатыр?

Жарыстың 4-ші күні шаршы алаңға Қазақстан әйелдер құрамасының 20 боксшысы көтерілді. Ақтық кезең жолдамасын алғашқылардың бірі болып 52 келідегі Жазира Орақбаева иемденді. Ол жартылай финалда өзбекстандық боксшымен жұдырықтасып, қарсыласынан басым түсті. Алайда Жазира қобалжу болғанын жасырмады. Себебі өзіне дейін 3 қазақ боксшысы жарыс жолынан шығып қалған еді.     

Жазира Орақбаева, боксшы:
- Басында 1 раундта 3:2 есебімен ұтылып жаттым. БІлмеймін, өз тарапымнан жақсы ойнаған секілдімін. Финалда бұйырса қазақ боксшысы мен индия боксшысы бокстасып жатыр. Екеуінің біреуімен жекпе-жекке түсемін деген ойдамын.

Көпшіліктің назары Карина Ибрагимовада болды. Әзірге ол ұлттық құрама сапынан олимпиада ойындарына жолдама алған жалғыз боксшы. Турнирдегі қарқыны жаман емес. Рингте отандасымызбен жұдырықтасып, мықтылығын дәлелдеді.  

Карина Ибрагимова, боксшы:
- Қарсыласым оңай емес. Жастар арасындағы 2  дүркін Азия чемпионы. Бірақ жеңіске жеттім. Бұл менің олимпиада алдындағы соңғы жарысым.

Әйелдер арасындағы жартылай финалдық жекпе-жектерге Каринадан басқа олимпиада жолдамасы бар өзге елдердің 8 боксшысы және 6 әлем чемпионы өнер көрсетті. Сондықтан халықаралық доданың бәсі жоғары.      

Дінмұхамед Абайхан, жарыстың бас төрешісі:
- Әйелдер құрамасы, негізгі ұлттық құрама Алматы облысында оқу-жаттығу жиынына қатысып жатыр. Ертең Тайландта өтетін лицензиялық турнирге дайындық жүріп жатыр. Бұл жерде Ұлттық құраманың үшінші және екінші нөмірлері қатысып жатыр. Ұлттық құраманың жігіттері өте жақсы өнер көрсетіп жатыр. Олимпиадаға лицензия алған жігіттердің барлығы ертең жартылай сайыста сынға түседі. 

Айта кетейік, Елорда cup турнирі осымен 3-ші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. «Келесі жылы да өз жалғасын табады», - дейді мамандар.

Авторлары: Мерей Қанапия, Мерей Талап