Азия чемпионаты: тағы бір боксшымыз ширек финалға шықты

7-8 желтоқсан аралығында Жапония астанасы Токиода дзюдодан Үлкен дулыға санатындағы жарыс өтеді. Бұл 2024 жылғы ересектер арасындағы соңғы халықаралық турнир саналады. Күншығыс еліндегі бәсекеде 48 мемлекеттен 302 дзюдошы сынға түседі. Қазақстан атынан кімдер шығады?

Жапония астанасына Қазақстаннан 11 спортшы аттанады. Ерлер арасында 60 келіде екі спортшы, яғни Шерзод Давлатов пен Дәурен Сюкенов күреседі. 73-те Бақытжан Абдурахманов, 81-де Жалғас Қайролла, 90 келіде ел чемпионатының күміс жүлдегері Максим Мейірлан және 100 келіге дейінгі салмақта Әділет Сапарғалиев ел намысын қорғайды. Бұрымдыларымыздан 4 салмақта 5 спортшы күреседі. 52 келіде Толғанай Әбеуова, 57-де Дана Әбдірова, 63-те Самалай Ерғалиева және аса ауыр салмақта Назгүл Маратова мен Карина Такиева татамиге шығады.

Азия чемпионаты: тағы бір боксшымыз ширек финалға шықты

Тағы бір боксшымыз ширек финалға шықты. Таиландтың Чиангмай қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатының үшінші жарыс күнінде әйелдер сапынан Ұлжан Сәрсенбек бақ сынады. 57 келіде жұдырықтасатын жерлесіміз 8 де 1 финалда Украина спортшысы Карина Вовктан айласын асырды. Енді ол ширек финалда Вьетнам қызымен жұдырықтасады. Ал Алуа Балқыбекова жарыстан шығып қалды. 50 келіде сынға түсетін Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі сырқатына байланысты сары құрлық додасындағы жекпе-жегінен бас тартты. Осыған дейін ширек финалға ерлер құрамасынан Оразбек Асылқұлов, Бейбарыс Жексен және Дулат Бекбауов шыққан болатын.

Бүгін 3 спортшы жарыс жолына шығады

Ал Азия чемпионатының төртінші жарыс күні ел намысын үш спортшы қорғайды. Сағат 12:00-де басталатын додада бокстан әлем чемпионы Махмұд Сабырхан 54 келіге дейінгі салмақта Қазақстаннан бірінші болып рингке көтеріледі. Махмұд жетінші жұпта қытайлық Тайбэй өкілі Ян-Лин Лаймен жұдырықтасады. Сондай-ақ Аида Әбікеева 63 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дильфуза Бековамен, Милана Сафронова 66 келіге дейінгі салмақта тағы бір тайбэйлік Ли Миниен жұдырықтасады.

 

Әмір Омарханов Мексикада топ жарды

Әмір Омарханов кезекті жүлдесіне қол жеткізді. Мексиканың Мерида қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы турнирде жерлесіміз ресейлік Тимофей Дерипаскомен бірге жұптық сында жеңімпаз атанды. Олар финалда жарыстың 1-ші ракеткалары – чехиялық Петр Брунлик пен ұлыбританиялық Чарли Робертсонды тізе бүктірді. Ал жерлесіміз жекелей сында жартылай финалға дейін жетті. Онда франциялық Томас Фурелге есе жіберді.

Асаубаева әлемдік рейтингіде көш бастады

Бибісара Асаубаева әлемдік рейтингіде топ бастады. Шахматтан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Халықаралық шахмат федерациясының үш бірдей рейтингінде бірінші орын алды. Қазақстандық шахматшы 20 жасқа дейінгі қыздар арасында әлемнің үздігі атанды. Сонымен қатар осы жас санатында блиц және рапид бойынша рейтингте бірінші тұр. Бибісара Асаубаева әйелдер арасындағы жалпы рейтингте 13-ші орынға жайғасты. Бұдан бөлек, рапид пен блицтен топ-10-ға кірді. Ол 2019 жылы әйелдер арасында гроссмейстер атанса, 2021 және 2022 жылдары блицтен әлем чемпионы болды.

Самородов қатарынан үш ойында гол соқты

Самородов қатарынан үш ойында гол соқты. Қазақстан құрамасы мен Грозныйдың «Ахмат» клубының шабуылшысы Ресей премьер-лигасының 17-ші турында Мәскеудің «Динамо» клубына қарсы ойында мергендігімен көзге түсті. Даниил Уткиннен әдемі пас алған Максим қақпаны дәл көздеді. Бірінші тайм 1:0 есебімен аяқталды. Алайда Грозныйлықтар бұл есепті сақтап қала алмады. 95-ші минуттағы Игорь Лещуктың голы Динамоға тең ойын сыйлады. Самородов бұған дейін Крылья Советов пен Зенит қақпасына гол соққан болатын. Қазірдің оның командасы тоғыз ұпаймен 15-ші орында келеді.

Х Азия – Тынық мұхиты ойындары басталды

Малайзия астанасы Куала-Лумпурда Х Азия–Тынық мұхиты ойындары басталды. Айтулы шараға 24 елден 1300-ге жуық есту қабілеті зақымдалған спортшылар келді. Олар жеңіл атлетика, таеквондо, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, үстел теннисі, бадминтон, шахмат, боулинг және футболдан өзара мықтыны анықтайды. Ел намысын 8 спорт түрінен 80 спортшы қорғайды. Жарыстың алғашқы күні шахматтың блиц түрінен Балжан Жұмағазиева 8 ұпай жинап көш бастады. Ал ерлер арасында Самажан Кеттебеков 8,5 ұпай жинап, күміс медаль еншіледі. Азия – Тынық мұхиты ойындары 8 желтоқсанға дейін жалғасады.