«Тең мүмкіндіктер»: ерекше балалар елордада бас қосты
«Тең мүмкіндіктер». Бүгін елордада осындай атаумен инклюзиялық спорт фестивалі өтті. Оған елдің түпкір-түпкірінен келген 200-ге жуық қатысушы келді. Олардың ішінде 66 адам – ерекше қажеттілігі бар балалар. Республикалық жарыста екі мыңнан астам баланың арасынан іріктелген ең мықты, ең жігерлі қатысушылар өзара күш сынасты.
Аталған фестиваль «AMANAT» партиясы Әйелдер қанатының бастамасымен «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ұйымдастырылды. Шара республикалық деңгейде алғаш рет өткізіліп отыр. Фестиваль ерекше қажеттілігі бар балалардың спортқа қызығушылығын арттыруды және олардың әлеуетін ашуды көздейді.
Шолпан Қаринова, «AMANAT» партиясының хатшысы:
- Бұл фестивальдің маңызы өте зор. Елімізді әлеуеттендіру, елімізде инклюзивті орта құру, инклюзивті мәдениет құру мәселесі – біздің мемлекетіміздің басты басмыдықтарының бірі. Алдағы уақытта «Тең мүмкіндіктер» фетивалін әрі қарайғы уақыттарда да облыстық деңгейлерде де, аудандық деңгейлерде де, мектепішілік жарыстарды ұйымдастырып, үнемі өзіміздің баларамыздың жағдайын жақсартуға, еліміздің әлеуметтендіруге жұмыс жасайтын бірден-бір фестиваль болатынына сеніміміз мол.
Әмірлан Әшім, жарысқа қатысушы:
- Біз екінші орын алдық. Өте керемет болды. Басқа мектептегі достарды тауып алдым. Жаңадан сөйлесіп, енді араласып жүреміз. Мен өте қуаныштымын осы жарысқа қатысқаныма және де осы жарыс өткеннен кейін менің көңіл күйім өте қатты көтерлді.