Әли Әлиев: Тактикалық тұрғыда біраз өзгеріс болады
«Маған гонорар маңызды емес. Қанша береді соны аламын». Футболдан ұлттық құрамаға жаңадан уақытша бас бапкер болып тағайындалған Әли Әлиев баспасөз конференциясында осылай деп мәлімдеме жасады.
Ол 20 млн жанкүйердің сенімі тұрғанда айлықты сөз еткісі келмейтінін жеткізді. Қазір оның бар мақсаты – әлем чемпионатына іріктеу аясындағы матчтарда құраманы жоғары деңгейде ойнатып, қажетті ұпайды жинау. Ол үшін командада техникалық әрі тактикалық және физикалық-психологиялық тұрғыда өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
Әли Әлиев, футболдан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Құрамада тактикалық тұрғыда біраз өзгеріс болады. Алдыңғы өткен ойындарға сараптама жасадық. Менің ойымша, бізге 3 қорғаушы жүйесі тиімді болады деп санаймын. Яғни, Нұрәлі Әліп пен Әлібек Қасымға және Әділбек Жұмаханов секілді футболшыларға орталық қорғанысты толық сеніп тапсыруға болады. Сондықтан бізде сапалы үздік үштік бар деп айта аламын.