Жезқазғанда заманауи спорт кешені ашылды

Жезқазғанда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.

Жоба «Қазақмыс» корпорациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасындағы екіжақты меморандум аясында жүзеге асырылды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Айта кету керек, бұл жыл басынан бері компанияның демеушілігімен аймақта ашылған үшінші нысан.

Бес блоктан тұратын алып кешеннің аумағы 8 мың шаршы метр. Заманауи үлгіде салынған ғимаратта келушілер үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда балалар мен ересектерге, тіпті кәсіби спортшыларға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік бар.

Дастан Рыспеков, облыс әкімі:

-«Қазақмыс» корпорациясының қолдауының арқасында біз бүгін «Жігер» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуы біздің өңірде спорттың дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз.

Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы:

- Жыл енді басталуда. Ал біз өңірде үшінші нысанды ашып жатырмыз. Өздеріңіз білетіндей бұған дейін Сәтбаевтағы «Ақбота» бөбекжайын қайта жаңғыртудан өткіздік, өткен аптада үлкен шахмат академиясын аштық. Облысымыз өркендей берсін, біз оған өз үлесімізді қоса береміз.

Жезқазғандағы алғашқы жүзу бассейні осында ашылды. 320 көрерменге арналған трибунасы бар, ауданы 1200 шаршы метр әмбебап спорт залы бар. Бұдан бөлек көркем және спорттық гимнастика залы жұмыс істейді. Ал кешеннің екінші қабатында үстел теннисі мен бокс залы орналасқан.

Ермахан Ибраимов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:

-Балалардың көзінен от байқадым. Олардың спортпен шұғылдануға деген ынтасын байқап таң қалдым. Осыдан 10 жыл өтер, бәлкім 15 жыл өтер бірақ, міндетті түрде осы Жезқазған қаласынан, Ұлытау облысынан олимпиада чемпиондары шығарына кәміл сенем.

«Қазақмыс» корпорациясы спорт кешенін салуға 8,5 млрд теңге жұмсады. Жыл соңына дейін компанияның демеушілігімен өңірде тағы 5 әлеуметтік нысан ел игілігіне беріледі.

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов