Қазақстанда шорт-тректен әлем чемпионаты өтеді
Қазақстан шорт-тректен әлем чемпионатын қабылдайды, деп хабарлайды 24kz.
Біріншілікті 2027 жылы 28-31 қаңтар аралығында Астанада өткізу жоспарланып отыр. Бұл шешім кеше Қытайдың Харбин қаласында талқыланып, нақтыланды. Яғни отандық спортқа жауапты мамандар халықаралық конькишілер одағының басшысымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Нәтижесінде тек шорт-тректен емес конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау бойынша да жарыстар өткізу туралы сөз қозғалды.
Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР ТСМ комитетінің ресми өкілі:
- Бұл келген делегацияның негізгі мақсаты жарысты қадағалап кету ғана емес. Сонымен қатар ынтымақтастықты арттыру, келешектегі бір-бірімізге деген ғылым жұмыстарды көрсетіп, арада әдістемелік алмасу мақсатында қазір кездесулер, келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұған дейін де қысқы, жазғы спорт түрлері болсын бірнеше халықаралық федерацияның президенттері Қазақстанға келіп, біздің спорттық жай-күйімізбен танысып та кетіп жатыр. Одан әрі дамыту бойынша кейбір халықаралық федерациялармен келіссөз жүргізіліп, алғашқы ғылыми-практикалық мектептер де қазір Қазақстанға еніп жатыр.