Қазақстандық хоккейшілер жартылай финалда Қытаймен ойнайды
Бүгін қысқы Азия ойындарында керлингші қыздарымыз Оңтүстік Кореямен ойнап, 2:8 есебімен жеңіліп қалды.
Ал хоккейден әйелдер құрамасы Жапонияға есе жіберді.
Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасының жартылай финалдағы қарсыласы анықталды. Отандастарымыз шешуші сынның жолдамасын Қытаймен сарапқа салады. Жерлестеріміз осыған дейін де топтық кезеңде мұзайдын иелерімен кездесіп, 6:1 есебімен басым түскен еді. Одан бөлек Тайланд, Тайпей, Жапония және Оңтүстік Кореяны ұтты. Кеше ширек финалда Гонконгпен кездесіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қорытынды есеп 24:0. Ал Қытаймен болатын жартылай финалдық матч 13 ақпанда өтеді. Ойын Астана уақытымен таңғы 7 де басталады.
Қысқы Азия ойындарының жалпы командалық кестесінде Қытай 27 алтынмен көш басында келе жатыр. Екінші орында Оңтүстік Корея болса, үздік үштікте Жапония құрамасы. Ал Қазақстан 4-орында. Қоржында 3 алтын, 6 күміс, 4 қола бар.
Елде қысқы спартакиада жалғасуда
ШҚО
Елде 6-қысқы спартакиада ойындары жалғасып жатыр. Шайбалы хоккейден Астана мен Солтүстік Қазақстан облысы кездесіп, 6:4 есебімен елордалық ұжым жеңіске жетті. Ал шығыс қазақстандықтар Қарағандыны 6:2 есебімен тізе бүктірді. Әзірге турнир кестесінде Шығыс Қазақстан облысы 9 ұпаймен көш бастап тұр. Еншісінде 6 ұпайы бар Астана екінші орынға жайғасса, Алматы 3 ұпаймен үшінші орында келе жатыр. Ал Солтүстік Қазақстан Облысы мен Қарағанды әзірге бірде бір ойында жеңіске жеткен жоқ.
Антон Васин, бас бапкер (Астана):
«Демалыс ойын ырғағымызға әсер етті. Өз мүмкіндіктерімізді сәтті қолдандық. Қорғаныста қателіктерге жол беріп қойдық. Алдағы кездесулерге дейін олқылықтарды түзеуге тырысамыз. Қарсыласымызға мың алғыс. 14 қана хоккейші болса да, лайықты деңгейде қарсылық көрсете білді. Қысқы Спартакиададағы командалардың деңгейі шамалас. Келесі ойындарға дайындықты жалғастырамыз».
УЕФА президенті Александер Чеферин Қазақстанға келуді жоспарлап отыр
Қазақстан футбол Федерациясының басшысы Марат Омаров УЕФА президенті Александер Чеферинмен кездесті. Тараптар Швейцарияның Ньон қаласында жүздесті. Марат Омаров Чеферинді Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. УЕФА басшысы бұл ұсынысты қабыл алып, биыл Орталық Азияға алғаш рет келуді жоспарлап отыр. Кездесуде елде ірі турнирлер өткізу мәселесі қаралды. Қазақстанда Еуропа жастар чемпионатын және Алматы мен Астанада Конференция лигасының финалдық матчын өткізу туралы ұсыныстар айтылды. УЕФА Қазақстан футболын дамытуға толық қолдау көрсетеді. Бұл инфрақұрылымды жақсарту, балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға және ішкі чемпионаттар деңгейін көтеруге септігін тигізеді.
Е.Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған турнир басталды
Алматыда Қазақстанның халық артисі, әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевтің 85 жылдығына арналған ашық турнир басталды. Жарысқа 16-17 жас аралығындағы 200-ге жуық боксшы қатысып жатыр. Былғары қолғап шеберлерінің бәсекесіне елден бөлек, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстаннан спортшылар келді. Боксшылар 13 салмақ дәрежесі бойынша сынға түседі. Турнирде топ жарғандар арнайы сыйлықтармен марапатталады. Ескендір Хасанғалиев атындағы ашық турнир биыл екінші рет ұйымдастырылды. Мақсат композитордың еңбегін жастар арасында дәріптеу және салауатты өмір салтын насихаттау - дейді жауаптылар.
Біржан Хасанғалиев, Ескендір Хасанғалиевтің ұлы:
- Осы турнир жақсы өтіп, мықты балалар, мықты боксшылар жеңіске жетіп, мүмкін болашақта олимпиада чемпиондары, әлем чемпиондары осы бүгінгі турнирге қатысып жатқан балалар ішінен табылады, деп сенемін өзім.
Ерғали Әбдірайымов, «Жігіттер» квартетінің продюсері:
- Өсіп келе жатқан жастарды спортқа баулу бірінші мақсатымыз. Екінші мақсатымыз, қазақтың халық артисі, әнші, композитор ақсақалдарымызды осы өсіп келе жатқан жастар ұмытпаса, солардың естерінде болса деген сияқты мақсатымыз сол.