Қысқы Азия ойындары: Қазақстан 4-ші орында
ІХ қысқы Азия ойындары ертең өз мәресіне жетеді. Ел қоржынында әзірге 3 алтын, 7 күміс, 6 қола бар. Байрақты бәсекеге қатысып, жүлдеге іліккендердің алғашқы легі елге оралып жатыр.
Мәнерлеп сырғанаудан жұптық сында өнер көрсеткен Бойсангур Датиев пен Гауһар Наурызова үшін қысқы Азия ойындары аяқталды. Олар еркін би бағдарламасында Хассак тобының «Аманат» композициясына билеп, өнер көрсетті. Отандастарымыз еркін бағдарламада 87,14 ұпай жинады. Ал 2 кезең қорытындысы бойынша жалпы 142,16 ұпай жинап, бесінші орынға жайғасты. Алтын жүлде жапониялық жұпқа бұйырса, екінші орыннан қытайлық спортшылар көрінді. Үшінші орынға тағы бір жапониялық жұп жайғасты.
Мәнерлеп сырғанаушылар жұптық сында 5-ші орын алды
Гауһар Наурызова, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама мүшесі:
- Әуенді екеуміз бірге таңдадық. Интернеттен қарап отырып, дәл осы композицияны кезіктірдік. Әсіресе ырғағы екеумізге қатты ұнады. Бірден өз биімізге арқау етіп, жаттығуды бастап кеттік. Бірінші кезеңге қарағанда еркін бағдарламада сәтті әрі сенімді өнер көрсеттік. Қобалжу да болмады.
Бойсангур Датиев, мәнерлеп сырғанаудан ұлттық құрама мүшесі:
- Иә, бірінші кезеңде би элементтерінен аздаған техникалық қателіктер болды. Осы жолы сол қатемізді жуып-шайдық. Бізге сеніп, соңына дейін қолдау білдірген жанкүйерлерімізге алғысымыз шексіз.
Қазақстан 4-ші орында
Қысқы Азия ойындарының жалпы командалық кестесінде Қытай 32 алтынмен көш басында келе жатыр. Екінші орында Оңтүстік Корея болса, үздік үштікте Жапония құрамасы. Ал Қазақстан 4-ші орында. Қоржында 3 алтын, 7 күміс, 5 қола бар.
Қысқы Азия ойындарының жүлдегерлері Алматыға келді
Қысқы Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері Алматыға оралды. Спортшыларды күтіп алуға туған-туыс, достары мен жанкүйерлер жиналды. Жеңіс туын желбіреткен жігіттер мен қыздарды алматылықтар дүркіретіп күтіп алып, гүл шоқтарын сыйлады. Харбиннен жеңіспен оралған спортшылардың арасында алтыннан алқа таққан фристайлшы Шерзод Хаширбаев бар. Одан бөлек, Аяна Жолдас, Ардана Маханова және Асан Асылхан сынды күміс жүлдегерлер де елге оралды. Ал конькимен жүгіруден күміс алған Евгений Кошкин қола жүлдегер Кристина Силаева да Алматыға келді. IX қысқы Азиа ойындарында Қазақстан құрамасы әзірге 16 медаль жеңіп алды.
Шерзод Хаширбаев, IX қысқы Азия ойындарының чемпионы:
- Қарсыластарымыз өте мықты болды. Олардың арасында Қытай Олимпиада құрамасы өте мықты спортшылар негізінде. Олардың арасында Олимпиада чемпионы болды. Солармен жарысып, Роман Иванов екеуіміз Қытай командасынан алтын медальді ұтып алдық.
Евгений Кошкин, IX қысқы Азия ойындарының жүлдегері:
- Маңызды жарыстарда тұғырдан көріну – мен үшін бақыт. Бірақ біз осымен тоқтап қалмаймыз. Кәсіби деңгейде шеберлігімізді шыңдап, тұғыры биік Олимпиада ойындарына дайындала береміз. Сіздерге көп рақмет!
Надежда Морозова мен Дарья Важенина елге оралды
Сондай-ақ конькимен жүгіруден командалық сында үздік үштіктен көрінген Дарья Важенина мен Надежда Морозова да елге оралды. Оларды Астана әуежайына жиналған бір топ жанкүйер құшақ жайып, ыстық ықыласпен күтіп алды. Жерлестеріміз Харбинде спринттік бәсекені 1 минут 30 секундта аяқтап, қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды.
Дарья Важенина, қысқы Азия ойындарының қола жүлдегері:
- Біз қысқы Азия ойындарында жүлдеге ілігіп, медаль алғанымызға қуаныштымыз. Әрине, алтынның орны бөлек. Іштей өкініш те бар. Қазақстандықтардың қолдауын сол жақта жүріп сезіндік. Енді мұнымен тоқтап қалмаймыз. Алда келе жатқан Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындаламыз.