Футбол: Қазақстан құрамасы Солтүстік Кореядан жеңілді
Қазақстан құрамасы Солтүстік Кореядан жеңілді.
Қос елдің футболшылары жолдастық кездесу өткізген болатын. Матч Түркияның Белек қаласында ұйымдастырылды. Тараптар шамамен тең дәрежеде ойнады және алғашқы гол тек 70-минутта соғылды. Солтүстік Корея сапындағы Ри Иль Сон қазақстандық қорғаушының қателігін ұтымды пайдаланды. Ал матч соңындағы қосымша уақытта дәл осы футболшы екінші рет мергендігімен көзге түсіп, дубльдің авторы атанды. Қорытынды есеп: 2:0. Айта кетейік, қазақстандық футболшылар қазір Түркияда жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Оның аясында бұған дейін ташкенттік «Локомотив» клубымен де жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Енді бір айдан кейін ұлттық құрама 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу матчтарына қатысады. Яғни, 22-ші наурызда сырт алаңда Уэльс командасымен жолығады. Ал 25 наурызда тағы да сырт алаңда Лихтенштейн құрамасымен кездеседі.
Халықаралық турнирде топ жарды
Ал Қазақстанның жас футболшылары «Мансити» және «Ювентус» шәкірттерін жеңіп, Абу Даби кубогын жеңіп алды. 10 жасқа дейін ұлдар арасындағы халықаралық турнир Біріккен Араб Әмірліктерінде өтті. Оған 22 елдің өкілдері қатысқан болатын. Араларында павлодарлық «Арман» командасы да бар. Олар барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Жас чемпиондарлы елорда әуежайынан ата-аналары мен достары күтіп алды. Халықаралық турнирде ерекше қабілетімен көзге түскен өрендер алдағы уақытта Манчестер қаласындағы жаттығу жиынына қатысуға мүмкіндік алды. Команда жетекшісі Мұратқан Зейнуллин бұдан басқа да жоспар көп екенін алға тартады. Басы мақсат – дәл осы балалардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін толыстырып, қалай да кәсіпқой футболшы ретінде қалыптастыру дейді.
Мұратхан Зейнуллин, бапкер:
- Абу-Даби қаласындағы турнир өте жақсы өтті. Жарыстан кейін басқа елдің өкілдері жақындап, балалардың шеберлігіне жоғары баға берді. Бахрейн және Әзірбайжандағы турнирлерге шақырды. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Әсіресе Еуропадағы балалар арасындағы бәсекелерге қатысып, сол жақтың мамандарын тәнті еткіміз келеді.
Букмекерлік компаниялар атауы алынады
Ел чемпионатынан букмекерлік компаниялар атауы алынады. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Марат Омаров бұл позицияны пирнципті түрде ұстанатынын алға тартты. Өйткені елде лудоманиямен күрес жүріп жатқан кезде бұндай бассыздыққа жол беруге болмайды дейді. Ал енді ішкі біріншілік нақты қалай аталатынын әзірге айтпады. Тек жақын арада қосымша хабарлайтынын жеткізді. Айта кетейік, бірер апта бұрын Қазақстан футбол федерациясы ішкі біріншіліктердің, оның ішінде Қазақстан чемпионаты және Қазақстан кубогының ресми атауынан құмар ойындар жарнамасын алып тастауға қатысты жұмыстарды бастаған еді. Бұл мәселе соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып жүр. Тіпті Парламент Мәжілісінде мақұлданып, Сенатқа жолданған спортқа қатысты заң жобасында да осыған байланысты арнайы норма да енгізілді.
Марат Омаров, Қазақстан футбол федерациясының президенті:
- Қазақстан Жоғарғы лигасында букмекерлік компания атаулары болмауы керек. Жаңа маусымды осындай өзгеріспен бастаймыз. Ал, ішкі біріншілік бұдан былай қалай аталатыны әзірге белгісіз. Мен сіздерге қосымша хабарлаймын.