Жастар арасында бокстан халықаралық турнир басталды
Орал қаласында бокстан Манарбек Ихсановты еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнир басталды.
Жарысқа Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және елдің 7 өңірінен келген 200-ден астам жас боксшы қатысып жатыр.
Турнирдің салтанатты ашылуында сөз алғандар танымал спортшы туралы естелік айтты. Казталов ауданы Қайыңды ауылының түлегі Манарбек Ихсанов 16 жасында бокспен шұғылдана бастады. Небәрі екі жылда жоғары жетістікке жетіп, 1982 жылы жастар арасында чемпион атанады. Белгілі боксшыны еске алу турнирі үшінші рет ұйымдастырылды. Алғашқы жылы жарыс облыстық деңгейде өтсе, былтыр республикалық дәрежеге көтерілді. Биылғы халықаралық турнирге бес елдің 2009-2010 жылы туған жасөспірім боксшылары келді.
Дмитирий Зеленин, турнирге қатысушы:
- Мен Саратов қаласынан келдім. Бокспен үш жыл айналысам. Облыс чемпионымын. Енді мына жарыста топ жарып, өз деңгейімді дәлелдегім келеді. Жарыс жақсы өтіп жатыр. Спорт кешені өте кең, Оралдың халқы қонақжай екен.
Бақдәулет Сәбитов, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:
- Біздің жасөспірімдерімізге үлкен тәжірибе одан кейінгі додаларға. Біздің өңір спортшыларына ҚР Чемпионаты алдындағы үлкен старт есебінде болады. Сондықтан дәстүрлі түрде өткізе берген біз үшін абзалырақ. Орын алған спортшылар ҚР спорт шеберлігіне үміткерді орындайды.