Странджа кубогі турнирі басталады

Болгария астанасы Софияда бокстан дәстүрлі Странджа кубогі басталады.

Айтулы жарысқа Қазақстан ерлер командасы екі құрамамен барды. Кеше боксшылар салмақ өлшеу рәсімінен өтіп, жеребе тартылды. Жастар арасындағы Әлем және Азия чемпионы Төрехан Сабырхан алғашқы айналымда Париж Олимпиадасының чемпионы Өзбекстан өкілі Асадхужа Муйдинхужаевпен жұдырықтасатын болды. 60 келіде өнер көрсететін Серік Теміржановқа да оңай соқпайын деп тұр. Оның қарсыласы да Олимпиада чемпионы Абдумалик Халоков. Өзбекстанның тағы бір даңқты өкілі Хасанбой Дусматов бұл жарыста 54 келіде өнер көрсетеді. Ал ел құрамасы сапында Ағайынды Оралбайлар, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, Абылайхан Жүсіпов, Бекзад Нұрдәулетов бастаған кіл мықтылар бар. Еске сала кетейік халықаралық турнирге қазақстандық боксшылар 1994 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында жерлестеріміз 12 алтын, 16 күміс, 28 қола медаль жеңіп алған. 

Дзюдодан Еуропа ашық кубогі аяқталды

Польша астанасы Варшавада дзюдодан Еуропа ашық кубогі аяқталды. Байрақты бәсекеде ел намысын 25 татами шебері қорғады. Оның екеуі жүлдегерлер тұғырына көтерілді. Жүлде алған екі балуан да бір салмақта, яғни 60 келіде күресті. Шерзод Давлатов чемпион атанса, Бақытжан Аман күміс жүлдені місе тұтты. Ал қалған 23 дзюдошы жүлдесіз қалды. 66 келіде күрескен Бауыржан Нарбаев қола жүлде үшін таласта украиналық Дубина Хлибке есе жіберсе, 73 келіде күрескен Ықылас Әлсейіт Португалия дзюдошысы Квантидзе Отариден жеңілді.

Қазақ каратэшілері БАӘ-де топ жарды

Қазақ каратэшілері Біріккен Араб Әмірліктерінде топ жарды.  Фуджайра қаласында өтіп жатқан жастар арасындағы А сериясы жарысының финалында Нұрасыл Нұрсейіт Украина өкілінен басым түсті. Ал Сұңқар Қанибек 70 кг дейінгі салмақта Хорватия өкілін тізе бүктірді. Екі спортшымыз жарыс барысында 7 жекпе-жектен өткізді. Сондай-ақ 14-15 жас санатында тағы 3 спортшымыз қола медаль жеңіп алды. Амир Кеңесбай, Руслан Еркін, Батыр Әділ өз салмағында үздік үштікті түйіндеді. Қазір қоржынымыздағы жүлде саны 8-ге жетті. Осыған дейін Дінмұхаммед Айдарбек топ жарса, Гүлнұр Қойшыбай мен Ақниет Шеризат U21 санатында қола жүлдеге қол жеткізген болатын.

Астанада «Eurasian Jiu-Jitsu Cup» турнирі өтті

Астанада джиу-джитсудан Еуразия кап турнирі өтті. Байрақты бәсекеге  Корея, Ресей, Украина секілді оннан аса мемлекеттен спортшылар қатысты. Бас-аяғы 2 мыңнан астам жекпе-жек шебері екі күн бойы өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада 20 халықаралық дәрежедегі төрешілер төрелік етті. Жаһандық жарыста қазақстандық саңлақтардың асығы алшысынан түсті.