«Странджа кубогы»: Бес боксшымыз нокаутпен жеңді
Бес боксшымыз нокаутпен жеңді, деп хабарлайды 24kz.
Болгарияның София қаласында бокстан кіші әлем чемпионаты атанып кеткен «Странджа кубогы» жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні 7 боксшымыз шаршы алаңға шықты. Оның бесеуі қарсыластарын жойқын соқыларымен сұлатып, жекпе-жекті уақытынан бұрын аяқтады. Атап айтқанда, ұзақ үзілістен кейін шаршы алаңға қайта оралған Нұрбек Оралбай жергілікті жігітпен жолыққан еді. Болгар боксшысы үшінші раундта жұдырықтасудан бас тартып, техникалық нокаут тіркелді. Артынша дәл осылай Айбек Оралбай, Ерасыл Жақпеков, Мұхаммедсабыр Базарбайұлы және Бекзат Нұрдәулетовтар та жеңіске жетті. Әсіресе, Бекзаттың қарым-қабілеті көпшілікті тәнті етті. Ол өзбекстандық қарсыластын алғашқы раундта-ақ құлатып, төреші кездесуді тоқтатуға мәжбүр болды. Бұған қоса, ұлттық құрама өкілі Ертуған Зейнуллинов та алғашқы жекпе-жегін сәтті өткізді. Ол жергілікті боксшы Владислав Лисовыймен кездесіп, ұпай айырмасымен жеңіске жетті. Ерлер арасында тек жеңіл салмақтағы Бекзат Алдамжаровтың ғана жолы болмады. Ол Франция боксшысына есе жіберді. Жоғарыта аты аталған боксшылардың барлығы да ширек финалға жолдама алды. София қаласындағы халықаралық жарыс 2 наурызға дейін жалғасады.