Астанада футболдан балалар арасындағы республикалық турнир өтті

Болашақ чемпиондар даярлығы. Астанада футболдан 8-9 жастағы балалар арасындағы республикалық турнир өтті.

«Бұл жас деңгейінің таңдалуы бекер емес. Дәл осы кезде балалар үлкен спортқа алғашқы қадамдарын жасап, футболшы ретінде қалыптаса бастайды. Осы тұрғыда көбірек ойын уақытын беріп, шеберлігін шыңдау аса маңызды», - дейді мамандар. Балалар арасындағы жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 16 команда жиналды. Олар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Тараздан келген өрендер жеңімпаз атанды.  Екінші орында павлодардық команда болса, Астанадағы №8 спорт мектебінің шәкірттері үздік үштікті түйіндеді. Жарыс қорытындысы бойынша «Ең үздік гол» аталымын Әлтайыр Қышбаев, «Ең үздік ойыншы» аталымын Радмир Стратутца, ал «Ең үздік қорғаушы» аталымын Қуаныш Кенжебек жеңіп алды. Алдағы уақытта осындай форматтағы жарыстарды тұрақты өткізу жоспарланып отыр.