Мейірім Нұрсұлтанов WBC рейтингінде көш бастады

Әлемдік бокс кеңесі жаңартылған рейтингіні ұсынды, деп хабарлайды 24kz.

Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы үшінші орыннан бірінші орнына көтерілді. Енді ол биыл чемпиондық титул үшін Карлос Адамеспен жұдырықтасуы мүмкін.

Бокстан қыздар арасындағы әлем біріншілігі өтіп жатыр

Жайна Шекербекова жекпе-жексіз келесі айналымға өтті. Ал Анита Адишева жарыс жолын аяқтады. Иә, Сербияның Ниш қаласында әйелдер арасындағы әлем чемпионатының екінші жарыс күні аяқталды. Жерлестерімізден 2 былғары қолғап шебері рингке көтерілді. 54 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Жайна Шекербек қарсыласының жарыстан бас тартуына байланысты жекпе-жексіз жеңіске жетті. Енді келесі айналымда ол мексикалық Джинетте Ариадна Гил Алонсомен жұдырықтасады. Ал Анита болса, мексикалық Патино Хуаресбен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында ол қарсыласына есе жіберді.

Айта кетейік, 9 наурызда ел құрамасынан Алуа Балқыбекова мен Елдана Талипова қарсыластарын тізе бүктірген болатын. Ал бүгін күндізгі жарыс жолына Алуа Балқыбекова, Виктория Графеева және Аида Әбікеева шығады. Кешкі уақытта Жайна Шекербекова, Жасмин Қизатова, Гульсая Ержан өнер көрсетеді. Әлем чемпионатының іріктеу айналымы 9-13 наурыз аралығында өтсе, жартылай финал 14-і белгіленген. Ал финал 16 наурызда өтеді.

Қазақ жастары халықаралық турнир 27 медаль жеңіп алды

Қоржынымызда 27 медаль. Оның төртеуі алтын. Черногорияның Будва қаласында бокстан «Адрия інжуі» деп аталатын халықаралық турнир мәресіне жетті. Байрақты бәсекенің жастар арасындағы әлем кубогы деген мәртебесі да бар. Айтулы аламанға 21 елдің ең үздік былғары қолғап шеберлері жиналды. Араларынан қазақстандық Нығман Нығмет пен Жасұлан Бердалы барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды. Қыздар арасында дәл осындай жетістікке Регина Ти-бенева мен Ақбота Есімбекова жетті. 4 алтыннан бөлек ұлттық құрама өкілдері 11 күміс және 12 қола жеңіп алды. Айта кетейік, былтыр дәл осы Будва қаласында бокстан жастар арасындағы әлем чемпионаты өтіп, қазақстандық қыз-жігіттер 6 бірдей алтын жеңіп алған болатын.

Футзал: ұлттық құрама Армениямен кездеседі

Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Ереванға жетті. Енді біздің жігіттер ертең EURO-2026 іріктеу кезеңі аясында Армениямен кездеседі. Ел құрамасы Армения, Албания және Дания құрамаларымен бір топқа жайғасқан. Командалар өзара 2 ойыннан өткізді. Ұлттық құрама жігіттері Албанияны екі рет жеңіп, Данияны бір ұтып, бір ұтылып, Армения жігіттерімен тең ойнады. Енді ертең шешуші ойын. Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алу үшін жерлестерімізге тек жеңіс керек. Ал жеңілген жағдайда екінші орын алған 8 құрама өтпелі ойын өткізеді.

Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің төртінші айналымына шықты

Елена Рыбакина Индиан-Уэллс турнирінің төртінші айналымына шықты. Жерлесіміз үшінші айналымда әлемнің 38-ші ракеткасы, ұлыбританиялық Кэти Бултермен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін 2023 жылы Уимблдон жарысында кездесіп, онда Рыбакина 2 сетте де 6:1 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Бұл жолы бірінші партияда жерлесіміз бірде-бір гейм берген жоқ. Екінші сетте есеп 3:3 болған мезетте Еленаның қателігін пайдаланған Бултер брейк жасап, өз геймін алып, алға кетті. Дегенмен, Рыбакина таразы басын теңестірді. Артынша матчты тағы бір брейкпен түйіндеді. Бір сағат 16 минутқа созылған бәсекеде Отандасымыз 6 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін мүлт жіберген жоқ. Бултер 2 эйс, 1 брейкпен шектелді. Енді Елена ширек финалға шығу үшін әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Мирра Андреевамен кездеседі. Айта кетейік, Индиан-Уэллс турнирінің жүлде қоры 9 млн АҚШ долларына жуықтайды. Турнир жеңімпазы 1 млннан астам табыс тауып, 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады.

 

Астанада балалар арасындағы республикалық турнир өтті

Астанада футболдан 8-9 жастағы балалар арасындағы республикалық турнир өтті. Бұл жас деңгейінің таңдалуы бекер емес. Дәл осы кезде балалар үлкен спортқа алғашқы қадамдарын жасап, футболшы ретінде қалыптаса бастайды. «Осы тұрғыда көбірек ойын уақытын беріп, шеберлігін шыңдау аса маңызды», - дейді мамандар. Балалар арасындағы жарысқа елдің түкпір-түкпірінен 16 команда жиналды. Олар 4 күн бойы өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Тараздан келген өрендер жеңімпаз атанды. Екінші орында павлодардық команда болса, Астанадағы №8 спорт мектебінің шәкірттері үздік үштікті түйіндеді

«Жетісу» чемпиондық атаққа жақындай түсті

Жетісу чемпиондық атаққа жақындай түсті. Өскеменде волейболдан әйелдер арасындағы ел біріншілігінің финалында талдықорғандық команда жергілікті Берелмен беттесті. Осыған дейін қатарынан 18 ойында жеңіске жеткен Жетісу осы кездесуде фаворит саналды. Марко Гршич шәкірттері сенімді түрде жеңіске жетті. Есеп: 3:1. Ертең қос клуб екінші финалдық кездесуін өткізеді. Ал қола жүлде үшін кездесу Қуаныш пен Тұран арасында өтті. Бұл бәсекеде солтүстіктің командасы жүлдеге бір табан жақын қалды. Ертең қос клуб та екінші кездесуін өткізеді. «Қуаныш» жеңіске жетсе, қола жүлдегер атанады. «Тұран» қарымта қайтарса, қосымша үшінші матч ойналады.