Волейболдан BAQ liga чемпионатының VI маусымы аяқталды
Елордада волейболдан BAQ liga чемпионатының алтыншы маусымы мәресіне жетті, деп хабарлайды 24KZ. Бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы жарыстың финалында «Atameken business» командасы мен «Қазмедиа орталығы» кездесті. Ал лиганың келесі жетінші маусымы «Хабар» агенттігінің 30 жылдық мерейтойына арналады.
Төрт айға созылған журналистер лигасында 9 команда бақ сынады. Командалар алдымен бір айналымдық жүйе бойынша чемпионат өткізіп, соның нәтижесіне сәйкес плей-офф кезеңінің жұптарын анықтады. Шешуші ойында «Atameken business» командасы 2:0 есебімен «Қазмедиа орталығынан» басым түсіп, алтыншы маусым жеңімпазы атанды.
Қырмызы Жандос, «Atameken Business» командасының ойыншысы:
- Өте мықты қарсылас болды. «Atameken business» жеңіске жетті. Біз бәрібір өзімізге сенгенімен, қобалжу болады. Қысым болады. Үш жыл осыған дейін чемпион атағын алған команда болғандықтан, жауапкершілікті қатты сезіндік.
Мұратбек Рахымбеков, «Хабар» командасының ойыншысы:
- Осы маусымда біз финалға шығып, үшінші орынды иемдендік. Ойын айтарлықтай қиын болған жоқ. Өйткені қарсылас команданың да біраз ойыншылары жарақат алып, келмей қалуына байланысты бізге онша қиынға соққан жоқ.
«Хабарлықтар» жас журналистерден құралған «Shanyraq» командасын ұтып, үшінші орынға табан тіреді. «Хабар» агенттігі басқарма төрағасының орынбасары Данияр Меңілбеков БАҚ өкілдері арасындағы мұндай спорттық шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Данияр Меңілбеков, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасынның орынбасары:
- БАҚ лиганың келесі маусымы биыл жыл бойы атап өтіп келе жатқан «Хабар» агенттігінің 30 жылдығына арналатындығын, қазір ресми түрде жариялап, басқа БАҚ-тағы әріптестерімізді кезекті спорт мерекесіне белсене қатысып, бағы мен бабы сәйкес келетін ұжымның мерейі үстем болатындығына тілектестігімізді білдіргім келеді.
БАҚ лига құрылғалы бері шағын футболдан 16 маусым, волейболдан 5 чемпионат және командалық шахмат бәсекесі өтті. Оған жетпістен астам редакциядан мыңға жуық журналист қатысқан. «Бұл БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, әріптестікті арттыруға бағытталған жоба», – дейді BAQ liga жетекшісі Әзиз Жұмаділ.
Әзиз Жұмаділ, BAQ liqa жетекшісі:
- 2021 жылы басталған. Жылына екі мәрте ұйымдастырылып тұрады. Бұл жерде БАҚ өкілдерінің санын көбейту мақсат емес, БАҚ өкілдері әрдайым ауысып отырады. Ең бастысы – таза журналистер, таза БАҚ өкілдерін қатыстыру. Ең басты мақсат осы.
Сондай-ақ биыл BAQ liga чемпионатымен қатар Журналистер кубогы да ұйымдастырылды. «Atameken busıness» ұжымы BAQ CUP кубогын иеленіп, бір күнде екі бас жүлдені қанжығаға байлады. Ал «Shanyraq» командасы екінші орын иеленді. Финалдан кейін марапаттау рәсімі өтіп, үздіктер мен жүлдегерлер марапатталды.
Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Мадияр Қындыбаев