Түркістанда ескек есуден көктемгі ел чемпионаты басталды
Түркістан қаласында байдарка мен каноэде есуден ересектер арасындағы Қазақстанның көктемгі чемпионаты басталды.
Олимпиадалық стандарттарға сай ескек есу каналында жалауын көтерген бұл додада еліміздің 11 өңірінен жиналған 90-ға жуық үздік спортшы бақ сынайды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысы мен Шымкент қаласының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының шақыруымен Азия байдарка және каноэде есу конфедерациясының бас хатшысы Джейк Ким арнайы қатысты. Ол қатысушыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығын атап өтті. Чемпионаттың алғашқы күні спортшылар 200 метр қашықтықта өзара мықтыны анықтауға тырысты. Байрақты бәсеке 6 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, бұл чемпионат Азия біріншілігіне іріктеу саналады. Жарыс жеңімпаздары 8-10 мамыр күндері Қытайдың Наньчан қаласында өтетін Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Дильфуза Ерғашқанова, жарысқа қатысушы /Түркістан облысы/:
- Мен ескек есу спортымен 9 жылдан бері айналысамын. Ескек есуден Азия чемпионатының жүлдегерімін. Бүгінгі жарысқа жақсы дайындықпен келдік. Бұйырса жеңіс тұғырынан көрініп, алдағы Азия чемпионатына барамыз деген жоспармыз бар.
Джейк Ким, Азия байдарка және каноэде есу конфедерациясының бас хатшысы:
- Қазақстанда су спорты қарқынды дамып келе жатыр. Бүгінгі ел чемпионаты соның бір көрінісі. Жарыс өтіп жатқан Олимпиадалық стандартты ескек есу каналы халықаралық талаптарға сай салынған. Алдағы уақытта Түркістан су спорты ойындарының орталығына айналады деп сенемін. Қазір келесі жылғы Азия чемпионатын осы Түркістанда өткізу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.