Велосипед тізгіндеген ерекше балалар жарыс жолына шықты

«Puzzle Race» атты бәсекеге 80-ге жуық жас велошабандоз қатысты.

Іс-шара Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпарат тарату күніне орай өтті. Балалар 4 жас санаты бойынша ең жүйрікті анықтады. Жарыс ережесі бойынша олар 1 шақырымды жаттықтырушымен бірге тез жүріп өтуге тиіс. Арасында жасы 5-ке енді толған балалар да бар. Жеңімпаздарға демеушілер тарапынан бағалы сыйлықтар табысталды. Елордада ерекше балалардың қатысуымен жылына бірнеше жарыс өтеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл сайыстардың балаларды дамытуда ролі зор. 

Қайрат Хадылбек, жаттықтырушы:

- Мұндай жарыстар бізге керек. Себебі мұндай жарыстардан кейін балаларда көптеген жақсы қасиеттер көрінеді. Мысалы, спорттық мінез қалыптасады. Және де болашақта басқа жарыстарға, халықаралық, республикалық жарыстарға қатысуға іріктеу өтеді.

Эльмира Әлімова, ата-ана:

- Менің ұлыма өте ұнайды. Стимуляция береді балаға жақсы. Бір тәртіпке үйретеді. Денсаулығына пайдалы. Өте үлкен рахмет ұжымына. Өзі барғысы келіп көбінесе, талпынысы бар.