Арина Алтухова нысана көздеуден әлем кубогінің жүлдегері атанды
Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында спорттық ату түрлері бойынша дүниежүзілік дода өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жарыстың алғашқы күндері қазақстандық спортшылар сәтті өнер көрсетті. Әсіресе, Арина Алтухова винтовкамен 50 метрден үш позицияда оқ атуда қола жүлде жеңіп алды. Арина іріктеу кезеңінде 588 ұпай жинап, үшінші сатыға тұрақтады. Ал, финалда да 445,9 ұпаймен сол үшінші орынды сақтап қалды.
Айта кету керек, Арина көрсеткіш жағынан әлем чемпионатының жүлдегерлері мен Олимпиада ойындарының қатысушыларынан асып түсті. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын Үндістан, екінші орын Германия спортшыларына бұйырды. Қалған жерлестеріміздің де нәтижелеріне тоқтала кетейік, Александра Ле 12-ші, Софья Шульженко 14-ші, ал Елизабета Безрукова 24-ші орыннан табылды. Буэнос-Айрес қаласындағы Әлем кубогі 11 сәуірге дейін жалғасады.