EURO-2025: Қазақстан қыздар құрамасы Мальтамен тең түсті

Дінмұхаммед Райымқұлов фристайл-акробатикадан Швейцарияның Айроло қаласында өткен Еуропа кубогында екі медаль еншіледі. Иә, сайыстың алғашқы күні жерлесіміз күміс жүлдені місе тұтты. Ал екінші күні Райымқұлов алтын медаль жеңіп алды.

EURO-2025: Қазақстан қыздар құрамасы Мальтамен тең түсті

Қазақстан Мальтамен тең түсті. Футболдан 19 жасқа дейінгі қыздар арасындағы 2025 жылғы Еуропа чемпионатының екінші іріктеу кезеңінде қос команда кездесті. Екі құрама тоқсан минут бойы бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Қарсыластар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Осылайша жерлестеріміз іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді. Бұдан бұрын олар Латвиядан 1:3, Косоводан 1:2 есебімен ұтылып қалған болатын. Енді бір ұпайы бар бұрымдыларымыз өз тобында төртінші орында келеді.

Айта кетейік, әрбір топта бірінші орын алған құрамалар алдағы маусымда А лигасында бақ сынайды. Сондай-ақ Польшада өтетін финалдық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады.

Ұлттар лигасы: Қазақстан Армениямен кездеседі

Бүгін елордада Қазақстан Арменияны қабылдайды. Футболдан әйелдер арасындағы Ұлттар лигасының 4 турында қос команданың жолы түйіседі. Кездесу 18:00 де Астана арена стадионында өтеді.

Айта кетейік, бұрымдыларымыз осыған дейін Люксембургпен тең ойнап, Арменияға 2:0 есебімен есе жіберді. Ал Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірді. Қазір 4 ұпайы бар жерлестеріміз өз тобында үшінші орында келеді. 3 ойында 6 ұпай еншілеген Армения болса топтың екінші сатысына жайғасқан. Қазақстан әйелдер құрамасы Армениядан кейін, Лихтенштейн, Люксембург құрамаларын өз алаңында қабылдайды.

Бүгін елде екінші лига ойындары басталады

Бүгін футболдан Қазақстан екінші лигасының ойындары басталады. Биылғы маусымға 20 команда қатысады. Олар былтырғы жылмен салыстырғанда төртеуге аз. Командалар биыл да екі конференцияға бөлініп, бірінші лигаға берілетін жолдаманы сарапқа салады. Атап айтсақ Оңтүстік-Батыс конференциясында «Қайсар», «Ордабасы», «Каспий», «Атырау» және «Тұран» жастар командалары, сондай-ақ «Жайық», «Жейран», «Талас» және «Жас Қыран», «Мақтарал» командалары бақ сынайды. Ал солтүстік-шығыс конференциясында «Жетісу», «SD Family», «Астана», «Тобол», «Оқжетпес», «Алтай», «Елімай», «Қызылжар», «Жеңіс», «Шахтер» жастар командалары бар. Биыл Қазақстан футболында жаңадан құрылған Алматының «Jeyran» жекеменшік команда ретінде ерекшеленіп отыр. Ал «Жайық» талай жылдық тарихы бар «Ақжайықтың» орнын басты. Футболдан бірінші лига ойындары ертең басталады.

Магомед Адиев «Атырау» бас бапкері атануы мүмкін

Магомед Адиев Атырау бас бапкері атануы мүмкін. Бұл жайлы Қазақстан футбол федерациясы президентінің кеңесшісі Нұрсұлтан Құрман әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Атыраулық команда биылғы біріншілікті сәтсіз бастады. Төрт ойында небәрі бір мәрте жеңіске жетіп, үшеуінде қарсыласына есе жіберді. Турнир кестесінде үш ұпаймен тоғызыншы орында тұр.

Магомед Адиев 2022 жылдан бері Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарды. Содан бері 22 ойынның 11-інде жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнап, қалғанында қарсыластарға есе жіберді. 2022-2023 жылдарда Ұлттар лигасында С дивизионында өз тобында бірінші орын алып, былтыр В дивизионында сынға түсуге мүмкіндік алды. Футболшы ретінде ол 1994-2009 жылдары ресейлік және қазақстандық клубтардың намысын қорғады. 2010 жылдан бері бапкерлікке бет бұрып, ресейлік және еліміздің «Шахтер» клубында жетекшілік етті.

М. Нұрсұлтанов: Жәнібекпен жекпе-жекке дайынмын

Кәсіпқой бокстан орта салмақта қазақтың қос боксшысы өзара жұдырықтасуы мүмкін. Әлі жеңіліп көрмеген Мейірім Нұрсұлтанов IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жекпе-жек өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Мейірім «Qazsport» арнасының тілшісіне берген сұхбатында «Кез келген кәсіпқой боксшы әлемнің абсолютті чемпионы болсам деп армандайды. Мен де дәл солай. Егер Жәнібек екеуміздің жолымыз рингте түйіссе, несі жаман? Білуімше, ол да қарсы емес. Ол үшін мен алдымен чемпиондық белбеудің бірін жеңіп алуым керек», – деді.

Айта кетейік, Мейірімнің келесі жекпе-жегі WBC тұжырымы бойынша әлем чемпионы доминикалық Карлос Адамеспен болуы тиіс. Қос боксшының менеджерлері келісіп жатса чемпиондық титул үшін айқас биыл жазда өтпек. Ал Жәнібек болса 5 сәуірде Астанада өткен бокс кешінде франциялық Анауэль Нгамиссенгені нокаутпен жеңіп, қос белбеуін қорғады.