М. Чурчич «Қызылжар» клубының тізгінін ұстады
Астанада алғаш рет пара дзюдодан әлем чемпионаты өтеді. Байрақты бәсеке 13-15 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында болады. Біріншілікке 40-қа жуық мемлекеттен спортшылар келеді деп жоспарланып отыр.
Иә, Пара дзюдо 1988 жылы ерлер арасында Паралимпиада ойындары бағдарламасына енгізілді. Ал әйелдер арасында да 2004 жылдан бері жүлделер сарапқа салынып келеді. Бас қаладағы жарыста ел мақтанышы Ақмарал Науатбек жаңа салмақта сынға түседі.
Милад Карими Әлем кубогы кезеңінің жеңімпазы атанды
Милад Карими Әлем кубогында топ жарды. Жерлесіміз Хорватияның Осиек қаласында спорттық гимнастикадан қарсыластарына дес бермеді. Карими төрешілердің шешімімен 14.666 ұпай жинады. Осылайша ол Әлем кубогының кезеңінде екінші жүлдесіне қол жеткізді. Милад бұған дейін еркін жаттығуларда үшінші орын иеленген болатын. Финалда екінші орынды Израиль спортшысы, ал үздік үштікті қытайлық спортшы түйіндеді.
Айта кетейік, Осиекте өткен жарыста Қазақстан құрамасы үш жүлде жеңіп алды. Каримиден бөлек, Нариман Құрбанов та жүлдегер атанып, ат снарядында өткен жаттығуларда қола жүлдені қоржынға салды.
Футзал: Қазақстан Вьетнамға есе жіберді
Қазақстан Вьетнамға есе жіберді. FIFA күнтізбесіне сәйкес оқу-жаттығу жиындары аясында қос құрама шеберлік байқасты. Жанкүйерлер бүгінгі ойынның басты фавориті ретінде Қазақстан құрамасына сенім білдірген болатын. Себебі әлемдік рейтингте жерлестеріміз жетінші, ал вьетнамдықтар отыз бірінші орынға жайғасқан. Соған қарамастан вьетнамдықтар жоғары деңгейде ойнап, Кака шәкірттерін тығырыққа тіреді. Олар 14-ші минутта есеп ашса, Ержан Карменов 32-ші минутта таразы басын теңестірді. Ойынның соңғы екі минутында Вьетнамдықтар 3 гол салды. Осылайша қазақстандық футзалшылар қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Енді олар 15 сәуірде Вьетнаммен тағы бір мәрте жолдастық кездесу өткізеді.
Қазақстан кубогы: Ақтөбе ширек финалға шыға алмады
«Ақтөбе» «Жеңістен» жеңіліп қалды. Кеше елде футболдан Қазақстан кубогының 1 де 8 финалдық ойындары аяқталды. Жанкүйерлер бұл кездесуде былтырғы чемпион жеңеді деп сенім білдірді. Алайда елордалық команда жинақы қимыл көрсетіп, жеңіске жету жолын іздеді. Ойын барысында қарсыластар алма-кезек шабуылға көбірек көңіл бөлді. Екінші кезеңде елордалық клубтан Матия Ром 76-шы минутта Ақтөбе қақпасынан саңылау тапты. Осылайша Жеңістің жалғыз голы елордалық жанкүйелерге жеңіс алып келді. Сондай ақ кеше Ордабасы Хан тәңірін, Астана Оқжетпесті, Тобол Жетісуды тізе бүктірді. Осыған дейін Тұрын, Каспий, Қызылжар мен Елімай да ширек финалға шыққан болатын. Енді ширек финалдық ойындар 14 мамырда өтеді. Онда Қызылжар Елімайды, Ордабасы Қайратты қабылдайды. Сондай-ақ Тұран мен Тобыл, Астана мен Жеңіс жартылай финалға жолдаманы сарапқа салады.
М. Чурчич «Қызылжар» клубының тізгінін ұстады
Милич Чурчич «Қызылжар» футбол командасының тізгінін ұстады. Бұл туралы Sports.kz сайты мәлімдеді. Ол бұған дейін қостанайлық «Тобыл» клубын жаттықтырған. Чурчичтің жетекшілігімен Қостанайлық клуб 2023 жылы Қазақстан кубогын, 2024 жылы Қазақстан Суперкубогын жеңіп алды. Сондай-ақ «Қызылжардағы» бапкерлік штабқа Миличтің екі көмекшісі қосылды. Олар – Сербияның жастар және ұлттық құрамаларындағы жұмысымен танымал Иван Евич пен дене шынықтыру бойынша тәжірибелі жаттықтырушы Евгений Кресик. ҚПЛ-дың жаңа маусымында петропавлдық команда 4 матчтан кейін екі ұпай еншілеп, 11-орынға тұрақтады. Дегенмен Қазақстан кубогының 1/8 финалында «Қызылжар» командасы «Қайсарды» 1:0 есебімен жеңіп, алғашқы кездесуінде жеңіске жетті.
Хоккей: Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші мәрте жеңіліп қалды
Шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы әлем чемпионатында үшінші мәрте жеңіліп қалды. Кеше жерлестеріміз Латвиямен шеберлік байқасты. Кездесу барысында ұлттық құрама сапынан Мунира Саяхатқызы, Мәдина Тұрсынова, София Зубкова үш гол соқты. Оған латвиялық хоккейшілер жеті шайбамен жауап берді. Осылайша жерлестеріміз 7:3 есебімен латвиялықтарға есе жіберді.
Айта кетейік ел құрамасы Италия мен Ұлыбританиядан 0:2 есебімен жеңілсе, Оңтүстік Кореядан 4:2 есебімен басым түсті. Енді қазақстандықтар 15 сәуірде Словениямен мұзайдынға шығады. Қазір төрт турдан кейін Италия 12, Латвия 9, Оңтүстік Корея 5, Ұлыбритания 4, Қазақстан 3 ұпай еншіледі. Әзірге Словенияның қоржыны бос.