Auyl Sport жобасының спортшылары халықаралық жарыста жеңіске жетті

Auyl Sport жобасының қатысушылары халықаралық жарыста үш алтын және бір қола медаль еншіледі. Оқушылар арасындағы дәстүрлі спорт фестивалі биыл Сербияда өтті. Әлеуметтік жоба Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асып келеді. Ал бүгін Алматыда Auyl Sport-тың алғашқы жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

14 жастағы Айбек Садық Ақмола облысы,Талапкер ауылының тумасы. Сербия елінде өткен гимназиадада ол бокстан 60 келі салмақтақарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, алтын медальға ие болды. Төрт жылдан бері бокспен айналысып келе жатқан жеткіншектің мақсаты айқын. «Еліме Олимпиада жүлдесін әкелсем», – дейді.

Айбек Садық, бокстан гимназиаданың алтын медаль иегері:

-Екі бой өткізім. Екі бойдың екеуі де өте қиынға соқты. Румын боксшысы және украин боксшысын жеңдім. 5-0 есебімен екі бойды да жеңіп елге алтын салғаныма мен өте қатты қуаныштымын. Үлкен мүмкіндік беріп жатқан «Halyk» қайырымдылық қорына, Auyl Sport-қа алғысым шексіз.  

Әлемнің 55-тен астам елінен келген 2 мыңнан аса спортшы қатысқан жарыста   біздің жеткіншектер бокстан үш алтын, еркін күрестен бір қола еншіледі. Жеңімпаздар Auyl Sport республикалық турнирінің жүлдегерлері. Халықаралық жарыста ел абыройын асқақтатқан жас спортшылар алғысхаттармен және  қаржылай сыйақымен марапатталды.

Ғалымбек Жақсылықов, «Halyk» қайырымдылық қорының атқарушы директоры, Auyl Sport жобасының жетекшісі:

- Auyl Sport жобасының мақсаты – ауылдық жердегі жас балалармызды спортшыларымызға спорттың қолжетімділігін арттыру. Жобаны бастамас бұрын елімізде үлкен талдау жұмыстарын жасадық. Талдауға сәйкес Auyl Sport жобасын былтыр 6 спорт түрі бойынша жарыстар өткіздік. Енді биылдан бастап ауыл спорт жобасына 7-ші спорт түрін – үстел теннисін қостық.

Auyl Sport жобасы тек спорттық жарыстар өткізумен шектелмейді. Жоба аясында төрешілер мен жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға басымдық беріледі.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Радик Жакупов