Бибосынов пен Дусматовтың Ресейдегі кездесуі өтпейтін болды

Эдуард Ким әлем кубогында жүлдеге ілікті. Мысырдың Хургада қаласында әртістік жүзуден дүниежүзілік доданың кезекті кезеңі өтті.

Қазақстандық Эдуард Ким техникалық бағдарламада 211 ұпай жинап, жарыс қорытындысы бойынша үшінші орынға жайғасты. Алтын жүлде қытайлық, күміс жүлде британиялық спортшыларға бұйырды. 

Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов кездеспейді. Қос мықты Ресейдің Хабаровск қаласындағы жарыста жолығуы қажет еді. Ол жақта Константин Коротковты еске алуға арналған халықаралық турнир  өтіп жатыр. Жеребе қорытындысы бойынша Сәкен мен Хасанбой 54 келіге дейінгілер арасында жартылай финалда жұдырықтасады. Көпшілік бұл жекпе-жекті тағатсыздана күтті.  Қазақстандық Сәкен Бибосынов ширек финалда ресейлік Құрбан Байранбековты айқын басымдықпен жеңір, жартылай финалға жолдама алды. Ал өзбекстандық Хасанбой Дусматов ширек финалда  өзінің туған інісі Фарёзбек Дусматовқа жол беріп, жарыстан шығып қалды. Сәйкесінше Сәкен Бибосынов пен Хасанбой Дусматов айқасы болмайды деген сөз. Енді жартылай финалда Сәкен Бибосынов пен Фарёзбек Дусматов қолғап түйістіреді. Халықаралық турнирдегі басқа да ұлтық құрама өкілдерінің нәтижесін айта кетейін. Жарыстың екінші күні Сәкенннен бөлек тағы бес боксшымыз жұдырықтасты. Араларында 48 келідегі Теміртас Жүсіпов қана ресейлік Михаил Прокофьевті жеңіп, келесі кезеңге өтті. Ал Фарух Тоқтасынов, Бекзат Алдамжаров, Анастасия Баязитова және Шұғыла Нәлібайлар қарсыластарына есе жіберді. Хабаровск қаласында халықаралық турнир 20-шы сәуірге дейін жалғасады.

Қазақ боксшылары жаңа жобада бақ сынайды

Үш боксшымыз Эр-Рияд қаласындағы кәсіпқой жекпе-жек кешіне қатысады. Нақтырақ айқтанда, Жолдас Жеңісов, Санатәлі Төлтаев және Нұрқанат Райыс осындай мемкіндікке ие болды. Түсіндіре кетейік, WBC ұйымы Турки Аль аш-Шейхпен бірлесе жаңа жобаны қолға алды. Оның аясында кәсіқой боксшылар арасына өзіндік әлем чемпионаты өтеді. Әзірге 4 салмақ дәрежесі таңдалған. Жеңіске жеткен боксшыларға қомақты сыйақы қарастырылып отыр. Яғни, әр салмақтағы жарыс жеңімпаздары 100 мың доллардан алады. Тек жеңімпаздар ғана емес, барлық қатысушыға ақшалай сыйақы беріледі және оның көлемі келесі кезеңге өткен сайын ұлғая береді. Аталмыш жобада қазақстандық «Адал Промоушен» қанатының астындағы жігіттер бақ сынап көрмек. Олар қазір Сауд Арабиясы астанасына аттанды. Жаңа жоба қатысушылары арасында Қазақстандық боксшылардан бөлек АҚШ, Мексика, Колумбия, Украина, Франция және Англия өкілдері бар.

Жанпейіс Назарғали, «Аdal promotions» менеджері:

- Әр салмақта үздік 32 боксшы қатысады. Мұнда сынға түсетін атлеттердің жасы 27-ден аспауы қажет. BoxRec-те тіркелген жекпе-жек саны 10-нан көп болмауы керек. Кәсіпқой бокстағы мансабын енді бастап жүрген жігіттерге керемет мүмкіндік деуге болады. Жаңа жобаның алғашқы үш кезеңі 6 раундтан тұрады. Жартылай финал 8, ал финал 10 раундқа есептелген. Жеңіске жеткен боксшылар 100 мың доллардан алады және Турки Аль аш-Шейхпен келісімшартқа отырады.

Каратэден әлемдік премьер-лигаға дайындық  

13 спортшымыз Каир премьер-лигасына қатысады. Мысыр астанасында ертең каратэден әлемдік аламанның кезекті, яғни үшінші кезеңі өтеді. Бұл жалпы 4 кезеңнен тұратын жарыстар сериясы. Оның нәтижесінде әр салмақ бойынша жылдың ең үздік спортшылары анықталады. Сонымен Каирдегі байрақты бәсекеге 65 елден 400-ге жуық спортшы жиналады. Оның ішінде 13 ұлттық құрама өкілі бар. Әсіресе әйелдер арасында жеңіл салмақтағы Мөлдір Жаңбырбайға үміт зор. Өйткені ол әлемдік рейтингте өте жоғары орналасқан және биыл тағы да жыл үздігі атана алады. Айта кетейік, Мөлдір былтыр ел тарихында алғаш болып осы Grand Winner сыйлығын жеңіп алған болатын. Енді биыл екі дүркін иегері атануды жоспарлап отыр. Бұған қоса, орта салмақтағы Әсел Қанай мен ауыр салмақтағы Софья Берульцеваның да жоғарыдағы сыйлықтан үмітті. Өйткені олар да рейтингтің жоғары сатыларына жайғасты. Каирдегі жарыс 20 сәуірге дейін жалғасады және оның қорытындысы бойынша жеңімпаздарға қосымша ұпайлар беріледі. Ал әлемдік премьер-лиганың шешуші кезеңі және жыл үзіктерін марпаттайтын кезеңі мамырдың соңында Мароккода ұйымдастырылады.