Абай облысында бұқаралық спорт қалай дамып жатыр?
Абай облысында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр, деп хабарлайды 24KZ. Қазіргі таңда өңір тұрғындарының 40%, яғни 244 мың адам спортпен тұрақты түрде шұғылданады. Бұл көрсеткіш жыл сайын артып отыр. Жастардың спортқа қызығушылығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында тегін үйірмелер ашылып жатыр. Бүгінде Абай облысында 5 мыңға жуық бала түрлі спорт түрлерімен тегін айналысады.
Абай облысында 17 жасқа дейінгі 105 мыңнан астам бала бар. Өңір мектептерінде тегін спорт үйірмелері ұйымдастырылып, қазіргі таңда олармен 30 мыңға жуық оқушы қамтылған. Сонымен қатар мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 5 мыңға жуық жасөспірім бұқаралық спортпен тегін шұғылданып жүр. Келесі жылы бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып отыр.
Бақыт Бекбосынов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Спортпен шұғылданатын халықтың санын арттыру мақсатында бізде мемлекеттік спорттық тапсырыс жүзеге асырылады. Мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында балалар санын кең ауқымда қамту үшін басқармамен бюджеттік өтінім жолданған. Мәслихат отырысында қолдау табатын болса, балалардың санын арттыру үшін тағы қаражат сұратамыз.
Облыс аумағында 610-нан астам спорт нысаны жұмыс істейді, оның 472-сі ауылдық жерлерде орналасқан. Қазіргі таңда Курчатов қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бесқарағай ауылында жүзу бассейні, сондай-ақ Петропавловка және Көкбай ауылдарында спорттық модульдердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, қалада жабық футбол манежі де бой көтеріп келеді.
Вадим Сек, «Елімай ФК» техникалық директоры:
- Жабық футбол манежін биыл салып бітеміз деген жоспар бар. Ондағы футбол алаңының ұзындығы 110, ал ені 66 метр болады. Спорт нысанының ішінде жастарға барлық жағдай жасалады. Жуынатын, киім ауыстыратын бөлмелер қарастырылады. Ал екінші қабаты әкімшілік ғимарат ретінде қолданысқа беріледі.
Жалпы Абай облысында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында бұрынғы «Пищевик» стадионының орнында 12,5 мың көрерменге арналған жаңа спорт кешенін салу жоспарланып отыр. Жаңа нысандардың ашылуы өңір тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік береді.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы