Алматыда университеттер арасында шахматтан командалық турнир басталды

Алматыда алғаш рет университеттер арасында шахматтан командалық турнир басталды, деп хабарлайды 24kz.

Республикалық жарыс екі күнге созылады. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 26 жоғары оқу орны қатысуда. Жарысты Қазақстан шахмат федерациясы мен Ұлттық спорттық студенттік одағы ұйымдастырып отыр. Оған Freedom Holding демеушілік жасады.

Университтер арасындағы командалық турнирдің ашылу салтанатында шахмат шеберлері ойын көрсетті. Олардың қатарында еліміздің жас гроссмейстері Алуа Нұрман да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жарыс дәстүрге айналып, жастарды зияткерлік спорт түріне баулуға септігін тигізеді.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры:

- Қазақстан бойынша қазіргі таңда 7 педагогикалық университетте шахматты майнер бағдарламасы ретінде енгізіп жатырмыз. Демек, біз болашақ мамандарды, жаттықтырушыларды, мұғалімдерді дайындап жатырмыз. Қазіргі таңда Қазақстан шахмат федерациясы енгізген 600-ге жуық мектептер бар. Бұл мектептерде шахматты міндетті пән ретінде енгізгенбіз.

Турнирге қатысушы студенттердің жасы 18 бен 25 жас аралығында. Алматы, Астана, Шымкент қаласы мен Ақмола және Түркістан облысынан жалпы 34 команда жиналды. Қатысушылардың көпшілігі бұған дейін өңірлік жарыстарда топ жарып жүрген жастар.

Көркемтай Асылғазы, жарысқа қатысушы:

- Осы турнирде орын алуға барынша күш салуға тырысамыз. Біз үнемі дайындалып жүреміз осы турнирлерге, өйткені турнирлер жиі болып тұрады. Осы турнир біз үшін үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Сондықтан біз ешқашан турнирлерді өткізбейміз, осы жолы да келіп отырмыз.

Сайыстың жалпы жүлде қоры – 3 миллион теңге. Турнирдің жеңімпаздары ертең анықталады. Топ жарған командадан бөлек, үздік ойыншылар жекелей марапатталады. Шахмат – спорттық сайыс қана емес, зияткерлік қабілетті дамытушы құрал. Студенттер арасында осы спортты насихаттау үшін Қазақстан шахмат федерациясы мен Ұлттық спорттық студенттік одағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аршын Кемелжан, Мұхит Құдықбаев, 24.kz, Алматыдан