Иорданиядағы Азия чемпионатында 31 боксшымыз финалға шықты

Рыбакина Свитолинадан жеңілді. Мадрид қаласында теннистен WTA 1000 санатындағы турнир өтіп жатыр.

Жарыстың басты фавориті саналған Қазақстандық Елена Рыбакина үшінші айналымда украиналық Элина Свитолинамен кездесіп, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді. Сәйкесінше, жарыс жолынан шығып қалды. 

Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты 

31 боксшымыз финалға шықты. Иордания астанасы Амман қаласында жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Айта кету керек, бұл - жаңадан құрылған World Boxing ұйымының 15 және 17 жастағы өрендерге арналған алғашқы құрлықтық жарысы. Байрақты бәсекеге 18 елден 400-ден аса қатысушы жиналды. Оның ішінде өзіміздің қыз-жігіттер де бар. Іріктеу кезеңдерінің қорытындысы бойынша 44 боксшымыз жартылай финалға шыққан еді. Енді оның 31-і қарсыластарын жеңіп, финалға жолдама алып отыр. Әсіресе Нұрасыл Хасан, Мейіржан Ташмағамбет, Мұхаммедәлі Рүстембек, Томирис Сатыбалды, Ақерке Далабай, Диляра Тұрсынбек және Камиля Оспанова сияқты  жас боксшылардың шаршы алаңдағы шеберлігі мен жеңіске жеген ұмтылысын ерекше атап өту керек. Жалпы алғанда, 15 жасқа дейінгілер арасында ұлдардан 9, қыздардан 10 спортшымыз алтынға таласса, 17 жасқа дейінгілер арасында ұлдардан - 6, қыздардан 6 спортшымыз финалда жұдырықтасады. Қалған 13 боксшымыз жартырай финалда есе жіберді. Сәйкесінше, қола жүлдегер атанды. Тағы бір айта кетерлігі, финалистер саны жағынан Қазақстан құрамасы жалпы есепте топ бастап тұр. Жоғарыда айтқандай, 31 боксшымен. Одан кейін 30 бокшысы бар Өзбектстан құрамасы және 21 боксшысы бар Үндістан құрамасы келеді. Енді шешуші айқастар басталады. Амман қаласындағы жарыстың жалпы қорытындысы 30 сәуірде белгілі болады.

Милад Карими әлем кубогінде топ жарды

Милад кезекті рет Әлем Кубогында топ жарды. Мысыр астанасы Каирде спорттық гимнастикадан дүниежүзілік дода аяқталды. Қазақстандық Милад Карими еркін жаттығуда өте сәтті өнер көрсетті. Ол финалда 14.133 ұпай жинап, жалпы тізімнің бірінші сатысына жайғасты. Күміс жүлде болгариялық Эдди Пеневке, қола жүлде украиналық  Назар Чепурныйге бұйырды. Айта кету керек, Милад осымен Әлем Кубоктарында сегізінші мәтрте топ жарып тұр және алтын жүлде саны жағынан өзіндік рекорд орнатты. Яғни, еліміз бойынша ең үздік нәтиже тіркеді. Биылдың өзінде ол Осиек және Доха қалаларындағы жарыстарда жеңіске жетті. Тіпті Дохада екі дүркін жеңімпаз атанған болатын. Спорт мамандары қазақстандық спортшыдан әлі де үлкен үміт күтеді. Әсіресе Лос-Анджелесте өтетін олимпиадада жеңіс тұғырна көтеріледі деген болжам бар.

«Жетісу» клубының тарихи жетістігі

«Жетісу» Азия чемпиондар лигасында топ жарды. Талдықорғандық команда өз тарихында алғаш рет құрлықтық додада жеңіске жетті. Олар финалда Вьетнамның ВТВ «Биньдьен Лонган» командасын жеңді. Ойын төрт партияға созылды. Айта кетейік, бұған дейін «Жетісу» клубы Азия чемпиондар лигасының финалында екі рет ойнап, екеуінде де күміс жүлде жеңіп алған болатын. Енді үшінші мүмкіндігінде чемпион атанып отыр және осының арқасында клубтар арасындағы әлем чемпионатына қатысады. Жалпы алғанда «Жетісу» Қазақстаннан осы жарыста жеңіске жеткен төртінші команда саналады. Бұған дейін Алматының «Рахаты» екі рет бас жүлдені жеңіп алса, одан кейін Өскеменнің «Алтайы» клубы мен Петропавлдың «Қуанышы» да бір-бір мәрте чемпион атанған болатын.

Азия чемпионатынан 4 қола жеңіп алдық

Қоржынымызда төрт медаль. Төртеуі де қола. Тайланд астанасы Бангкок қаласында дзюдодан Азия чемпионаты мәресіне жетті. Ұлттық құрама өкілдері төрт рет жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтқанда, әйелдер арасында 48 келіде Ғалия Тынбаева және 60 келіде Бақыт Құсақбаева қола жүлдегер атанды. Ерелер арасында 60 келідегі Шерзод Давлатов пен 90 келідегі Максим Мейірлан үздік үштікті түйіндеді. Қалған спортшыларымыз жүлдеге қол соза алмады. Нәтижесінде жалпы командалық есепте Қазақстан командасы небәрі оныншы орынға тұрақтады. Бірінші орынға сегіз алтыны бар Жапония құрамасы жайғасты. Одан кейін Өзбекстан мен Оңтүстік Корея тұр. Қытай, Бахрейн, Тәжікстан, Моңғолия, БАӘ және Тайвань да біздің алдымызда. Нәтиже, әрине, көңілді көншітпейді. Жалпы алғанда Қазақстан дзюдошылары соңғы үш жылда құрлықтық додада топ жарған жоқ. Соңғы рет 2022 жылы Астанадағы Азия чемпионатында ғана Данияр Шамшаев чемпион атанған болатын.