Атырауда Бірлік күніне арналған марафон мәресіне жетті

Мұнайлы өңірде Қазақстан халқы бірлігі күніне орай ұйымдастырылған бұқаралық марафон өз мәресіне жетті.

Мерекелік шараға 500-ден астам желаяқ қатысып, 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарысқа мектеп оқушылары, жастар, тіпті зейнеткерлер де қатысты. Арасында 64 жастағы марафоншы, Қазақстан және Ресей спортына еңбегі сіңген ардагер Асқар Қазиев те болды. Көпшілікпен бірге мәреге жеткен ардагер өз табандылығымен көрермендердің қошеметіне бөленді. Іс-шара соңында барлық қатысушыларға мерекелік медальдар табысталды. Бұл марафон Атыраудағы бұқаралық спортты дамыту жолындағы нақты қадамдардың бірі. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Атырау облысында соңғы үш жылда 12 спорт кешені пайдалануға берілген. Оның 8-і ауылдық жерлерде орналасқан. Бұл өз кезегінде жеңіл атлетика, қазақ күресі, бокс сияқты спорт түрлерінің дамуына оң ықпал етті. Марафон тек жарыс қана емес, елдің ынтымағын дәріптейтін айтулы шара болды. Қазақстан халқының достығы мен татулығын ұлықтаған бұл мерекелік бастама жыл сайын дәстүрге айналмақ.

Асқар Қазиев, ардагер марафоншы:

- 17 рет Мәскеу халықаралық марафон жарысына 42,195 шақырымға қатыстым. Санкт-Петербургте қатыстым, Польшаға қатыстым. Алматы, Астана, Қарағанды, Қостанай жалпы, көптеген жерлерде араладым спорттың арқасында. Жастардың спортқа деген құлшынысы өте жоғары. Бұл әрине біздерді қуантады.

Нұрбол Тұрарұлы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Бұл шараның маңыздылығы, жалпы, ұлтаралық бірлікті соның ішінде бүгінгі салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлкен септігін береді деп ойлаймын. Бүгінгі шара алдағы уақытта жалғасын табады. Халықаралық, республикалық жарыстар өткізу біздің жоспарымызда бар.