Шахматтан жасөспірімдер арасында ел чемпионаты аяқталды
Алматыда шахматтан 20 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен қыздар арасындағы Қазақстан біріншілгі аяқталды, деп хабарлайды 24kz.
Ел чемпионы атағына алматылық Ерлан Тілеуханов пен түркістандық Әсия Асылхан ие болды. Екі жеңімпаз жарысты бірдей нәтижемен аяқтап, ең жоғары перфоманс бойынша жеңімпаз деп танылды. Турнирге барлығы 100-ден аса шахматшы қатысты.
Шахматтан Қазақстан чемпионы атанған Ерлан Тілеуханов Алматыдағы 173-ші мектеп-лицейдің оқушысы. Биыл 11-сыныпты бітіреді. Бұл спорт түрімен 9 жасынан бері айналысады. Ол бұған дейін де талай жарыстарға қатысып, жақсы өнер көрсетіп жүрген. Болашақта қаржыгер болғысы келеді. Бірақ шахматты ешқашан тастағысы жоқ. Ерлан осы чемпионатта барлық қарсыласынан басым түсіп, жеңімпаз болды.
Ерлан Тілеуханов, шахматтан Қазақстан чемпионы:
-Турнир өте қиын болды, шынымды айтсам. Бүкіл турнир оңай партия болған жоқ. Барлық қарсыластарым соңына дейін күресіп өте қатты дәрежеде ойнады. Мен бұл турнирді оңайлықпен ұтқан жоқпын. Конкуренция өте мықты болды.
Осы жарыста чемпион атанған тағы бір жас шахматшы 9-сынып оқушысы Әсия Асылхан. Түркістан облысынан келген. Ол да шахматты бала кезінен ойнайды. Осы жеңісінен кейін әйелдер арасындағы ел біріншілігіне жолдама алды.
Әсия Асылхан, шахматтан Қазақстан чемпионы:
- Азия чемпионатының күміс жүлдегерімін. Батыс Азия чемпионатының алтын, күміс, қола жүлдегерімін және осы Қазақстанда көптеген жүлдегермін. Осы үлкен финалға путевка алдым жолдама алдым осы айда болады және маған Азияға 20 жасқа дейін жолдама берілді.
Биыл жарыс «жаңа классика» регламенті бойынша өтті. Ол бойынша партияға 60 минут беріледі. Әр жүріс үшін 30 секунд қосылады. Айта кетейік, соңғы жылдары еліміздің шахмат әлеміндегі беделі артып келеді. Мәселен 2023 жылы жасөспірімдер әлемдік жарыстардан 123 медаль иеленсе, былтыр бұл 160-қа жеткен. Сонымен қатар Қазақстан түрлі жаһандық шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырды. Шахмат федерациясының балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы бағдарламасы бар. Оның аясында жыл сайын 45 балаға 100 мың теңгеден стипендия беріледі.
Гүлмира Дәулетова, Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры:
- Бұл бағдарламаға енуі үшін сіз Қазақстан чемпионатына өту керексіз. Алғашқы үштікке кіру керек. Қазақстанда болып жатқан кубоктарда алғашқы үштікке кіру керксіз. Сонымен қатар әлемдік жарыстарда алғашқы үштікке сонымен қатар, Азия жарысында алған үштікке кіру керек. Осындай талантты жастарымыз осы бағдарламаға еніп отыр. Ересектерге арналған бағдарлама да бар. Ол жерде грант беріледі.
21 мамыр мен 2-ші маусым аралығында Астанада шахматтан ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионаты өтеді. Ерлан мен Әсия сол жарыстың финалында ойнайды. Ол турнир де тартысты болады. «Себебі, мықты шахматшылар қатысады», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сұлтан Бейсекенов