Ақмола облысында радиоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр
Ақмола облысында радиоспорттан ел чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Байрақты бәсеке биыл көрікті Бурабай баурайында ұйымдастырылған. Айта кетейік, қатысушылардың алды зейнет жасында болса, кенжесі мектеп оқушысы. Тартысты доданың барысы жайлы аймақтағы әріптесім Абзал Азаматұлы айтып береді.
Оралдан келген Шұғыла Сағындықтың радиоспортпен шұғылданып жүргеніне 2 жылға жуықтапты. Алғаш рет ел чемпионатына қатысып отыр. Бабы мен бағы қатар келсе, жүлделі орыннан көрінуге ниетті.
Шұғыла Сағындық, жарысқа қатысушы:
- Біз бұл спорт арқылы біз орман арасында жүгіріп, пеленгатор арқылы сигналдарды іздейміз. Яғни бұл жай ғана жүгіру емес, бұл өте қызықты және өзіміздің зияткерлік ойымызды дамытуға, ойлау қабілетімізді жақсартуға, логикалық тұрғыда дами аламыз.
Радиоспорт ішінара бірнеше түрге бөлінеді. Соның бірі – радиопеленгация. Яғни қатысушылар радио толқынды тарататын құрылғының бағытын анықтайды. Мұның радиотелеграфиядан айырмашылығы сайыс орманда өтеді.
Ермұхамед Сейітқұл, жарысқа қатысушы:
- Біріншіден таза ауа. Екіншіден, сен Қазақстанда жоқ спорт түрімен дамисың. Елді дамытасың және өзің дамисың. Болашақта өте қатты мамандық деп ойлаймын.
Спорттың бұл түрі бойынша жеңіске жету үшін физикалық күштен гөрі қарым-қабілет пен терең білім қажет. Қазір елімізде 300-ге жуық адам радиоспортпен айналысады. Оның дені – жастар. «Болашақта бұл балғындар әскери саладағы кадр тапшылығын шешуге де ықпал етеді», – дейді ұйымдастырушылар.
Сейітқұл Асаубай, ҚР Радиоспорт және радиоәуесқойлар федерациясының президенті:
- Еліміздің қарулы күштеріне де, біздің ұлттық гвардияға да, авиация саласына да, ғарыш болсын, кез келген техникалық салаға радиотелеведенияға осы мамандықтар қажет. Сондықтан бұл балаларды біз радиотехника мамандық бойынша оқу орындарын бітіріп, әрі қарай сондай мамандыққа баулып жатырмыз.
Ал, жарыстың Бурабай бөктерінде өтуі де бекер емес. Өйткені мұндағы орманда қатысушылардың кедергісіз жүгіріп, тапсырмаларды уақытында орындауына барлық мүмкіншілік қарастырылған.
Радиоспорттан ел чемпионаты жылына 4 рет ұйымдастырылады. Дәл осы жарыста жүзден жүйрік атанғандар ұлттық құрама сапына қосылады. Ал олар алдағы уақытта ел намысын түрлі әлемдік додаларда қорғайтын болады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко