Атырауда Жеңістің 80 жылдығына орай қазақ күресінен республикалық турнир басталды. LIVE
Бүгін Атырауда Жеңістің 80 жылдығына орай қазақ күресінен Qaharman Barysy ІІ республикалық турнирі басталды, деп хабарлайды 24kz.
Оған еліміздің 6 облысынан 26 палуан қатысуда. Қазақ күресінің майталмандары бүгін күні бойы өзара «кіл мықтыдан кім мықтыны» анықтайтын болады.
Арыстанбек Кенже, тілші:
- «Қаһарман барысы» байрақты бәсекесі елімізде екінші мәрте ұйымдастырылып отырғанына қарамай, жыл санап қанатын кеңге жайып келеді. Биыл бұрынғы командалардың қатарына Қарағанды қаласының палуандары қосылыпты. Бүгін 80 келіге дейін 15, 80 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 11 палуан боз кілемде бақ сынайды. Былтыр Ақтөбе қаласында өткен сайыста атыраулықтардың мерейі үстем болып, екі салмақ дәрежесі бойынша да бас бәйгені иеленген еді. Солардың бірі – Сұңғат Закарияевтің есімі бұрын «Қазақ барысы» додасынан көпшілікке жақсы таныс. Сұңғат биыл да бабында көрінді. Жалпы атауы әртүрлі болғанымен соңғы жылдары қазақ күресін әлемдік аренаға шығаруда көптеген игі жобалар жүзеге аса бастады. Соның бірі – осы «Қаһарман барысы» турнирі.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған республикалық турнир бүгін кешке мәресіне жетеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 26 палуан бозкілемде өзара мықтыны анықтап жатыр. Дегенмен, турнирдің басты мақсаты жастар арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау екені белгілі. Соңғы жылдары Атырауда жастардың спортқа деген құлшынысы көңіл қуантады. Соның ішінде қазақ күресінен Қызылқоға, Индер аудандарының өрендері талай байрақты бәсекеде топ жарып жүр. Оған толық жағдай жасалған. Қазір барлық ауылдарда спорт мектептері жұмыс істейді. Биыл облыс бойынша тағы 9 дене шынықтыру және спорт кешені бой көтеріп келеді. Ол ауыл жастарының үлкен спортқа деген жалпы қазақ күресіне деген қызығушылығын оятатыны анық.