Е. Рыбакина АҚШ чемпионынан жеңілді
Қазақ дзюдошылары тоғыз медаль жеңіп алды.
Кеше Астанада дзюдодан Qazaqstan Barysy Grand Slam 2025 турнирі өз мәресіне жетті. Әлемдік доданың басты қонағы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Мемлекет басшысымен бірге трибунада Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер мен Олимпиада чемпионы Елдос Сметов те жарысты тамашалады. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы 3 күміс және 6 қола медаль еншілеп, жалпы есепте тоғызыншы орынға тұрақтады. Бұл еліміз үшін Үлкен дулыға турниріндегі медаль саны жағынан рекорд. Жарыстың алғашқы күнінде қос қола мен қос күміс қоржынға түсті. 60 келіде өнер көрсеткен 4 спортшының 3-і жартылай финалға жығылмай өтті. Нәтижесінде Талғат Орынбасар күміс, Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан қола жүлдеге қол созды. Ал Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев 66 келінің финалына шығып, тұғырдың екінші сатысына табан тіреді. Жарыстың екінші күнінде спортшыламыз екі жүлде жеңіп алды. 73 келіде сынға түскен Есет Қуанов пен 81 келінің үздігі Абылайхан Жұбаназар қола жүлдені қоржынға салды. Грэнд слэм турнирінің соңғы күні үш бірдей спортшымыз тұғырға көтерілді. 100 келіге дейінгі салмақта Бағжан Байтас пен Марат Байқамұров қола, аса ауыр салмақта Ерасыл Қажыбаев күміс жүлдеге ие болды. Жалпы медаль кестесінде 3 алтын, 2 күміспен IJF құрамасы 1-орын еншілесе, 3 алтын медальмен Оңтүстік Корея құрамасы – 2-орынға, ал 3-орынға 2 алтын, 4 күміс, 1 қола жүлдемен Жапония жайғасты. Еске сала кетейік, бұл доданың нәтижесінде жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арасында әлемдік және олимпиадалық рейтингтерде ұпайлар бөлінеді. Атап айтқанда, І орын үшін 1000, ІІ орын үшін – 700, ал ІІІ орын үшін – 500 ұпай есептелетін болады.
Қазақстандық хоккейшілер Германияға есе жіберді
YOUTUBE.COM/IIHFWORLDS
Қазақстандық хоккейшілер Германияға есе жіберді. Шайбалы хоккейден ел құрамасы 2025 жылғы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы екінші ойынын Германияға қарсы өткізді. Екі құрама бұған дейін бес мәрте шеберлік байқасты. Оның біреуінде қазақстандық хоккейшілер жеңіске жетсе, қалғанында қарсыласының мерейі үстем болды. Ойынның бірінші кезеңінде қазақстандық хоккейшілер алғашқы болып есеп ашты. Шабуылшы Никита Михайлис 3-минутта көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. Ал 13-минутта қарсыластар таразы басын теңестірсе, 34-минутта алға шығып кетті. Одан кейін Германиялықтар 41, 45-минутта жауапсыз екі гол соғып есепті еселеді. Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді. Енді қазақстандық хоккейшілер ертең сағат 23:20–да Мажарстан құрамасымен кездеседі. Ал, Германия келесі ойынын Норвегияға қарсы өткізеді. Айта кетейік Әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы В тобында ойнайды. Қарсыластары — Финляндия, Чехия, АҚШ, Германия, Дания, Норвегия және Мажарстан. Ойындар Данияның Хернинг қаласында өтіп жатыр.
Е. Рыбакина АҚШ чемпионына жол берді
Рыбакина Рим турнирінің төртінші айналымына шыға алмады. Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы үшінші айналымда 2019 жылғы АҚШ чемпионы, қазіргі кезде рейтингіде 121-орында тұрған канадалық Бьянка Андреескумен шеберлік байқасты. Қарсыластар осыған дейін үш рет кездесіп, соның бәрінде Рыбакина жеңген еді. Бұл жолы канадалық спортшы бірінші партияда екі брейк жасады. Екінші сетте де Андрееску 2:0 есебімен алға шығып, сол басымдылықты сақтап қалды. Қорытынды есеп 6 да 2 , 6 да 4. Осылайша, Елена Рыбакина жарыс жолынан шығып қалды. Ол 2023 жылы Римде чемпион атанса, өткен жылы денсаулығына байланысты қатыспаған еді.
ҚПЛ: «Ордабасы» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті
Ордабасы қатарынан төрт мәрте жеңіске жетті. Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел чемпионатының 8-турында шымкенттіктер өз алаңында қызылордалық «Қайсарды» қабылдады. Алғашқы минуттан ойын тізгінін қолға алған шымкенттік клуб бірінші кезеңде қарсылас қақпасына екі гол соғып үлгерді. Ал екінші кезеңде жауапсыз үш гол соғып, есепті еселей түсті. Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті. Сондай-ақ 8 турда Ақтөбе Елім-айды, Оқжетпес Жетісуды, Тобыл Астананы, Тұран Атырауды, Қызылжар Ұлытауды, Қайрат Жеңісті тізе бүктірді. Енді ел біріншілігінің 9 туры 17-18 мамыр күндері өтеді.