Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған шаралар туған жерінде жалғасын тапты
Қазақ спортының қайрағы Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған шаралар өзінің туған жерінде де жалғасын тауып жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Тау алыстаған сайын биіктейді. Теңеу сөздерімен тебірентіп, алғыр сөздерімен айызыңды қандыртын Аман ағамыз халықтың жүрегінен орын алған тұлға! Сондықтан да оның есімін ел ешқашан ұмытпайды! Ұлықтай береді! Көзі тірі болғанда 11 мамырда 56 жасқа толар еді. Алатау бөктеріндегі БАҚ өкілдерінің дүркіреген жарысынан кейін «Мақаншым – мақтанышым» деп кеткен кіндік қаны тамған ауылында жас өрендер жасыл алаңға шықты. Болашақта Сейітханов салып кеткен сара жолды жалғастырсам дейтін ауыл балалары келісті ойындар көрсетіп, ұйымдастырушылар тағайындаған бағалы сый-сыяпатқа кенелді. Бас жүлде Сәкен Сейфуллин атындағы мектеп оқушыларына бұйырса, Жарбұлақ орта мектебі күміс, Бақтыдан келген балалар үштікке табан тіреген.