Пара дзюдодан ел құрамасы командалық сында әлем чемпионы атанды
Тарихи жетістік. Пара дзюдодан Қазақстанның ерлер мен әйелдер құрамасы командалық сайыста әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды 24KZ. Қыздарымыз шешуші сында Түркияны тізе бүктірсе, жігіттеріміз Бразилияны қапы қалдырып, жалпы есепте 2-ші орынға көтерілді.
Жарыстың 3-ші күні жекелей сайыстар аяқталып, командалық бәсекелер басталды. Бұл сында Қазақстан құрамасының қоржыны 2 алтынмен толықты. Әйелдеріміз жаһандық жарыста жарқырап, Өзбекстан, Үндістан, Грузия құрамаларынан басым түссе, Ерлер Монғолия, Грузия және Бразилиядан айласын асырды.
Медет Байкен, Қазақстан зағип спорт қауымдастығының президенті:
- Қыздар арасында 5 мемлекет, ұлдар арасында 8 команда 2 группаға бөлініп... Қыздар да «кругловой» турнир өтіп жатыр. Командалық есепте Бразилия топ жарып отыр. Бразилия – көп жылдан бері пара дзюдодан алдыңғы қатарлы елдердің бірі. Себебі олардың ерлер мен әйелдер командасында J1 санатында өте көп спортшы бар. Біздің командамызда J1 спортшылар соңғы жылдары ғана қосылып келе жатыр.
3 күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 5 қола медальмен жалпы есепте 2-ші орынға табан тіреді. Бірінші орынға Бразилия жайғасса, үздік үштіктен бейтарап ту астында белдескен спортшылар көрінді.
Жұрқамырза Шүкірбеков, пара дзюдодан әлем чемпионы:
- Жарыс туралы айтатын болсам, бәрі ойдағыдай болды. Бәрі тактикалық жағынан дұрыс қойылған. Бапкерлерімізбен дайындалып шықтық. Қарсыластарға келсек жартылай финал сәл қындау болды деп ойлаймын. Оған дейін 3 рет есе жібергенмін. Осы жолы тактикалық жоспар құрылды.
Айта кетейік, әлем чемпионатына 38 елден 300-ден астам спортшы қатысып, барлығы 20 медаль жиынтығын сарапқа салды. Оның 16-сы Паралимпиада бағдарламасына енсе, қалғаны жаңадан қосылған салмақтарға үлестірілді.
Пара дзюдодан әлем чемпионаты 4 жылда бір рет өтеді. Сондықтан байрақты доданың маңыздылығын айтпаса да түсінікті шығар. Себебі дәл осы жарыста 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Паралимпиада ойындары алдындағы жолдамалар сарапқа салынады.
Авторлары: Мерей Қанапия, Руслан Әлиев