Киберспорттан PGL Аstana турнирінің жеңімпаздары анықталды

Киберспорттан PGL Аstana турнирінің чемпиондары анықталды, деп хабарлайды 24KZ. 3 күнге созылған виртуалды сайыста ресейлік «Team Spirit» командасының бағы жанып, жарыс жеңімпазы атанды. Ауқымды деңгейде өткен турнирдің Қазақстанға берері бар ма? 

Бұл ешқандай футбол да, хоккей де емес. Бұл киберспорттан PGL турнирінің финалына жиналған жанкүйерлер. Санаулы сәттерден кейін Counter-Strike 2 ойынының жеңімпаздары анықталады.

Финалдық ойын даниялық «Astralis» пен ресейлік «Team Spirit» командалары арасында өтті. Ақтық сын бәсекесі 3 сағаттан астам уақытқа созылды. Нәтижесінде Team Spirit клубы Astralis-ті 3:1 есебімен ұтып, турнир чемпионы атанды. Ал үздік үштіктен түркиялық «Aurora» командасы көрінді.    

Бәсекені тамашалауға келген көрерменнің санында шек жоқ. Осыдан-ақ турнирдің жоғары деңгейде өткенін аңғаруға болады. Жанкүйерлер әр командаға қолдау білдіріп, қошеметтеп отырды. Әсіресе әлемнің үздік клубтарының бірі бразилиялық «Furia»-ның құрамында ойнайтын қазақстандық жас геймер Данил Голубенкоға ерекше құрмет көрсетілді. 

Данил Голубенко, геймер:

- Біріншіден, мені және менің командамды қолдаған жерлестеріме алғысым шексіз. Иә, өзімнің алғашқы турнирімді Қазақстанда ойнап жатырмын. Отандастарымды көріп, еліммен қауышқаныма қуаныштымын. Өз жерімде ойнағасын қобалжу сезімі болмады. Басты мақсатым осы Furia-ның құрамында үлкен жетістіктерге жетіп, көк туымызды киберспорт әлемінде паш еткім келеді. 

Отандық киберспорт федерациясының мәліметінше, PGL турнирінің Астанада өтуі әлемдік қауымдастықтың назарын өзімізге аударады. Әрі елде инфрақұрылымның дамуы мен болашақ геймерлердің көптеп шығуына мүмкіндік береді.

Дәурен Қыстаубаев, киберспортшы:

- Мен үнемі осындай үлкен турнирлер Қазақстанда өтсе екен деп армандайтынмын. Сөз жоқ ұйымдастырушылар жарысты жоғары деңгейде өткізді. Өзім осы уақытқа дейін 30-дан астам әлемдік турнирде бақ сынадым. Қатысушылардың ішкі сезіміз толықтай түсініп тұрмын. Ең бастысы қазақстандықтардың арнайы келіп, командаларды қолдағаны қатты қуантты.

Әлинұр Мирасов, сарапшы:

- Киберспорт елімізде біртіндеп үлкен спортқа айналып келе жатыр. Мысалы, футзалда бразилиялықтар бізге легионер ретінде ойнауға келсе, біздің геймерлер, керісінше, Бразилияның командасына барып, еліміздің атын шығарып жүр. Бұл керемет қой. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады.

Айта кетейік, турнир 3 күнге созылды. Оған әлемнің ең үздік 16 командасы қатысып, CS2 тарихында бұрын-соңды болмаған 1 миллион 250 мың доллорды бөліске салды. Енді ұйымдастырушылар PGL турнирін келесі жылы Қазақстанда тағы өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Мерей Қанапия, Ақылбек Есімсейітов