Қазақстандық жаттықтырушы Оман жерінде екі бокс клубын ашты
Қазақстандық жаттықтырушы Оманда екі бокс клубын ашты.
Кентаулық Олжас Паржанов бастаған бұл шаруа жергілікті жастар бойындағы бұла күшті спортқа бағыттауға сеп болған.
Араб жеріне 3 жыл бұрын қоныс аударған отандасымыз қазақ бокс мәнерін кең насихаттауды қолға алды. Шәкірттері аймақтық жарыстарда топ жарып, ірі бәсекелерде бой көрсетіп жүр.
Осы күні қазақстандық бокс мәнері әлемге танымал. Елдегі былғары қолғап шеберлері жаһандық жарыстарда ұдайы топ жарып келеді. Ал кей отандық жаттықтырушылар сырт мемлекеттерде тер төгіп жүр. Тіпті бокс құрамаларына жетекшілік етіп, алғашқы чемпиондарын шығарған. Солардың бірі – оңтүстіктің тумасы Олжас Паржанов. Бокс маманы әскери қызметін аяқтап, Оман астанасында жаттықтырушылық кәсіпке бет бұрған.
Олжас Паржанов, бокс жаттықтырушысы:
- Мен әскери адам болғанмын. Запастағы майормын. Чемпион военно-морских сил болдым. Екі дүркін. Маскат қаласында екі клуб бар. Біреуі орталықта, Біреуі шет жағасында. Адамдарды қызықтыру үшін үлкен қылып аштым. Мемлекет тарапынан көмек көрсетілсе тағы дамытамыз боксты. Инвестиция құйып жатырмыз әлі. Мақсатым – ойдағыдай федерация құру. Оман командасының бас бапкері атану. Олимпиада чемпионын шығару.
Әзірге елдің бокс құрамасы толық жасақталған жоқ. Дегенмен, отандасымыз жаттықтыратын 100-ге жуық жас Оман туының астында өнер көрсете бастаған. Бұған дейін олардың арасынан чемпион шықпаған еді. Олжас олқылықтың орнын толтырды. Шәкірттерінің бірі араб мемлекеттері арасындағы додада топ жарды.
Мунтадар Зидауи, боксшы:
- Оманға 3 жыл бұрын көшіп келіп, бокс үйірмелерін іздедім. Біраз залға бас сұқтым. Солардың ішінде қазақ бокс бапкерінің шеберлігі көбірек ұнады. Ол менің спортқа деген көзқарасымды өзгертті. Өмірім бір арнаға түскендей.
Абдулматин Ғафури, боксшы:
- 15 жылдан бері бокспен шұғылданып келемін. Нәтижелерім жаман емес. Келесі жарысқа дайындалып жүрмін. Шығанақ елдері арасындағы бәсекеде бақ сынағым келеді. Қазір Олжастың қол астында жаттығып жүрмін.
Бокс мамандарының айтуынша, Қазақстанда спорттың бұл түрінен жылдар бойы қалыптасқан тәжірибе бар. Инфрақұрылым дайын. Жаттықтырушылар білген-түйгенімен бөлісе алады. Сондықтан бірлескен оқу-жаттығу жиыны үшін елге келетін командалар қатары аз емес.
Олжас Паржанов, бокс жаттықтырушысы:
- Маусым айында Қазақстанда оқу-жаттығу жиыны болады. Қазақстан құрама командасымен бірге. Содан кейін Тараз қаласында турнир болады. Сол жерге де қатыстырамыз. Бізге тәжірибе жинау үшін 2-3 жылдай керек. Ол да былай қарасаң туризм ғой.
Сүлейман Әл Рахби, Маскат тұрғыны:
- Оманда бокс аса дамымаған. Өзім де бір кездері осы спортпен кәсіби түрде айналысқанмын. Ол кезде үйірмелер аз еді. Қазір көптеп ашыла бастады. Олжастың бокс клубы қазақ бокс мектебінің ерекшеліктерін үйретіп жатыр. Жастар арасынан чемпиондар шығады деген үміттемін.
Жалпы Оман – араб түбегінде орналасқан ірі мұнай-газ өндіруші мемлекет. Жан-жағын теңіз суы қоршап тұр. Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындағаны тағы бар. Содан бері арадағы дипломатиялық байланыс бекем. Осы бағыттағы істердің ілгері басуына Олжас секілді отандастарымыз игі ықпал етіп келеді.
Рауан Мыңбай