Бокстан Азия чемпионатының жүлдегерлері елге оралды

Қазақстан командасы Шри-Ланкада өткен бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатынан елге оралды, деп хабарлайды 24kz.

Турнир қорытындысы бойынша ұлттық құрама 41 алтынды жеңіп алып, әлем рекордын орнатты. Бүгін спортшыларды Алматы халықаралық әуежайында жанкүйерлері мен жақындары сән-салтанатпен қарсы алды. Құраммен бірге жаттықтырушылар мен Бокс федерациясының өкілдері де келді.

Ұлттық құрама мүшелері Коломбода өткен жастар арасындағы Азия чемпионатынан 41 алтынды қанжығаға байлап, рекорд орнатты. Оның 22-сі жасөспірім, ал қалған 19 медальді 22 жасқа дейінгі санаттағы спортшылар еншіледі. Олардың көпшілігі спорттық мансабында алғаш рет биік тұғырдан көрінді.

Бексұлтан Қайратұлы, бокстан U22 Азия чемпионатының жеңімпазы:

- Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Мен аса ауыр салмақта жұдырықтастым. Екі жекпе-жек өткіздік. Алдымен Арабия мемлекетінің боксшысымен. Финалға шыққанда қырғыз боксшысымен екінші раундта жекпе-жекті тоқтаттық. Жарыс өте жақсы болды. Жігіттердің бәрі жарады. Қыздар он екі салмақтан он екі чемпион. Әр спортшының арманы Олимпиада деп ойлаймын. 2028 жылы Лос-Анджелестегі Олимпиадада чемпионы боламыз деген үміттемін.

Ал, байрақты бәсекеде әйелдер құрамасы тарихи жетістікке қол жеткізді. Финалдық кезеңде отандық былғары қолғап шеберлері 12 салмақ дәрежесінің барлығында жеңіске жетіп, алтын медаль еншіледі. Финалда 52 келіге дейінгі санатта өнер көрсеткен Рахмина Абдумежитова Таиландтан келген қарсыласын 5:0 есебімен жеңді. 70 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Мария Сидоренко вьетнамдық боксшыны бірінші раундтан-ақ нокаутқа жіберді.

Мария Сидоренко, бокстан U22 Азия чемпионатының жеңімпазы:

- Бұл турнирде командамның, жаттықтырушылар мен ата-анамның қолдауымен осындай жетістікке жеттім деп ойлаймын. Менің үлкен армандарымның бірі орындалды. Көк байрағымызды желбіретіп, елімізді әлемге таныту ең басты мақсатым болатын. Сол үшін өте қуаныштымын.

Рахмина Абдумежитова, бокстан U22 Азия чемпионатының жеңімпазы:

- Мен өте бақыттымын. Әлі де сенер емеспін. Осы сәтке ұзақ дайындалдым. Мақсатыма жеткеніме қуаныштымын. Алғашқы бәсекеде қобалжыдым. Одан кейінгі жекпе-жек жеңіл өтті деп айта аламын.

Шетелдік спорт сарапшылары Қазақстан құрамасы құрлықтағы мемлекеттер арасында бокстан алдыңғы қатарда екендігін атап өтті. Жаттықтырушылардың пікірінше, бокска қабілеті спортшылардың қатары жыл санап артып келеді. Ендігі кезекте ұлттық құрама мүшелері әлемдік турнирлер мен Олимпиада ойындарына дайындықты бастайды.

Авторлары. Дильназ Тұрғазыева, Гафу Уали, Радик Джакупов