Халықаралық турнир: 7 боксшымыз жеңіспен көзге түсті
Төрехан Сабырхан бастаған жігіттер жеңіске жетіп жатыр.
Таиланд астанасы Бангкок қаласында бокстан халықаралық турнир басталды. Оған бас-аяғы 20 боксшымыз аттанды. Яғни, ерлер арасында 10, қыздар арасында 10 спортшымыз сынға түседі. Алғашқы жарыс күндерінің қорытындысы бойынша бес жігітіміз жеңіске жетті. Әсіресе, 70 келідегі Төрехан Сабырхан кореялық қарсыласын 3:2 есебімен ұтса, 60 келідегі Оразбек Асылқұлов қырғыз боксшысынан 4:1 есебмен басым түсті. Дәл осылай 50 келідегі Нұрзат Оңғаров пен 55 келідегі Нұрсұлтан Алтынбек те жарысты сәтті бастады. Ал, 65 келідегі Дулат Бекбауов бірден екінші айналымға өтті. Яғни, бірінші айналымда Иорданиялық қарсыласы шаршы алаңға шығудан бас тартты.
Әйелдер арасында ұлттық құрама сапындағы Виктория Графеева мен Гүлназ Бөрібаева алғашқы жекпе-жектерінде жеңіске жетті. Ал, Сымбат Әлиасқар мен Шахназ Исаева есе жіберіп, жарысты аяқтады. Тайландтағы бокс бәсекесі 1 маусымға дейін жалғасады.