Астанада гандболдан Ұлттық мектеп лигасының финалы өтті

Халықаралық Олимпиада күніне орай Астанада гандболдан Ұлттық мектеп лигасының финалы өтті.

Астанада гандболдан Ұлттық мектеп лигасының финалдық кезеңі өз мәресіне жетті.

Турнир Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен өтті және Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.

Еліміздің әр өңірінен келген ең үздік мектеп командалары жеңіс үшін бақ сынады. Финалдық кезең бүкіл ел бойынша көптеген оқушыны қамтыған республикалық жобаның қорытындысы болды.

Жарыс нәтижесі бойынша ұлдар арасында Павлодар облысындағы №21 орта мектептің командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Ақтөбе облысының №2 мектеп-гимназиясы иеленсе, қола жүлде Түркістан облысындағы Әл-Фараби атындағы №10 орта мектепке бұйырды.

Қыздар арасында Павлодар облысындағы №5 орта мектептің командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Қарағанды облысының №35 мектебі иеленсе, үшінші орын Қызылорда облысындағы №246 мектепке бұйырды.

Ұлттық мектеп лигасы он спорт түрінен өтеді: гандбол, үстел теннисі, волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ, футзал, жеңіл атлетика, асық ату, шахмат және футбол.

Olympic.kz