Ақтөбеде халықаралық шахмат фестивалі басталды
Ақтөбеде «Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2025» халықаралық шахмат фестивалі басталды. Зияткерлер турнирінде 19 елден келген 300-ден астам шахматшы сынға түскен. Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спортшылар да бар. Мәселен, әлемдік шахмат тәжіне үміткерлер турнирінің қатысушысы, қытайлық Ван Хао, рейтингі 2400-ден жоғары гроссмейстерлер және еліміздің жетекші шахматшылары тіркелген. Бұл фестиваль – ерлер мен әйелдер арасындағы классикалық шахматтан Қазақстан Кубогының алғашқы кезеңі.
Халықаралық шахмат фестивалі аясында үш турнир өтіп жатыр. Masters, Challengers және Open жарыстарының жалпы жүлде қоры 100 мың АҚШ доллары. Сондықтан бақ сынауға келген спортшылардың деңгейі де жоғары. Masters турниріне 5 супергроссмейстер қатысады.
Аркадий Дворкович, FIDE президенті:
- Бұл жолғы турнирдің басты ерекшелігі – оның танымал бола бастағаны. Қазір көптеген шахматшы Aktobe Open фестиваліне қатысуға тырысады. Алдын ала шарттарын анықтап хабарласқандар аз емес. Қазір күнтізбеде шахмат жарыстары өте көп. Бірақ соған қарамастан бұл жарысқа мықты шахматшылардың жиналғаны қуантады.
«Владимир Дворкович мемориалы – Aktobe Open 2025» турнирін халықаралық шахмат федерациясы мен Қазақстан шахмат федерациясы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің және облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған. Фестивальдің бас демеушілері – Freedom Holding және Ақтөбе мыс компаниясы. Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов: «Астана мен Алматыда ғана емес, шахмат серпінді дамып жатқан аймақтарда осындай ауқымды турнирлерді өткізуді саналы түрде қолға алдық», – дейді. Оның айтуынша, бұл жергілікті инфрақұрылымды дамытуға, жастарды шабыттандыруға және спортқа қуатты серпін беруге ықпал етеді.
Марат Есенов, Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті:
- 20-дан аса халықаралық гроссмейстерлер бар. Өте жоғары деңгейде. Мысалы, 2700-ден рейтингі жоғары қытайлық шахматшы қатысады. 8 шахматшының деңгейі 2600-ден жоғары және де 2500-ден жоғары гроссмейстерлер қатысады.
Шахмат фестивалі аясында өтетін сайыстардың қорытындысы 30 маусым күні мәлім болады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов