Қазақ қызы көркем гимнастикадан Әлем чемпионатында топ жарды
Тарихи жетістік. Қазақ қызы көркем гимнастикадан әлем чемпионатында топ жарды. Ерекшелігі сол Ақмарал Ерекешева дүниежүзілік додада екі бірдей алтын жүлде жеңіп алды.
Байрақты бәсеке Болгарияның София қаласында өткен болатын. Қазақстандық қыз, әсіресе доппен жаттығуда 26.150 ұпай жинап, Әлем чемпионы атанды. Бұл - тарихи жетістік. Себебі Қазақстан спортшысы алғаш рет көркем гимнастиканың дәл осы бағытында жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатында жеңіске жетіп отыр. Артынша Ақмарал таспамен өнер көрсетуде де ең жоғары ұпай жинап, ұлттық құрама қоржынына екінші алтынды салды. Сондай-ақ ол шығыршықпен орындалатын жаттығуда да финалға шығып, жарыс қорытынрдысы бойынша күміс медаль жеңіп алды. Осылайша бір ғана Ақмарал Ақмарал Ерекешева Әлем чемпионатынан 2 алтын және 1 күміс жеңіп, өте керемет нәтиже тіркеді. Айта кетейік, Ақмаралды жоғары дәрежедегі бапкер астаналық Меруерт Балғынбаева жаттықтырады.
Азия чемпионатынан екі жүлде жеңіп алдық
Қоржынымызда бір күміс пен бір қола. Индонезияның Бали аралында семсерлесуден ересектер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстандық спортшылар, өкінішке қарай алтынға қол соза алмады. Бірақ чемпион атануға бір табан жақын болды. Ерлер арасындағы командалық сында ұлттық құрама өкілдері финалға дейін жетіп, ақтық сында Жапония жігіттерімен жолыққан болатын. Кездесу 45:39 есебімен аяқталды. Осылайша Қазақстан құрамасы күміс жүдегер атанды. Ел намысын Эльмир Әлімжанов, Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов және Ерлік Сертай төрттігі қорғаған болатын. Ал қола жүлдені жекелей сында Вадим Шарлаимов жеңіп алды. Ол іріктеу кезеңін өте сәтті өткізді. Тіпті ширек финалда екі дүркін олимпиада чемпионы жапониялық Коки Каноны жеңіп, өзіндік сенсация да жасады. Ал жартылай финалда Шарлаимов тағы бір жапониялық Масару Ямадаға жол беріп, жарысты үшінші орынмен аяқтады.
Александр Бубликтің сенсациялық жеңісі
Александр Бублик төрт мәрте сенсация жасап, рейтингілік турнирде топ жарды. Байрақты бәсеке Германияның Берлин қаласында өткен болатын. ATP 500 санатындағы жарысқа әлем мықтылары жиналды. Араларынан қазақстандық Александр Бублик суырылып шығып, бас жүлдені жеңіп алды. Айта кету керек, ол әлемдік рейтингте 45-ші орында тұр. Жарыс барысында 1-ші тұрған италиялық Янник Синнерді, 21-ші тұрған ресейлік Карен Хачановты және 23-ші тұрған чехиялық Томаш Махачты жеңді. Ал финалда әлемдік тізімнің 11-ші сатысында тұрған тағы бір ресейлік Даниил Медведевтен басым түсті. Қорытынды есеп: 6:3 және 7:6. Бублик үшін бұл жеңістің орны ерекше. Өйткені бұған дейін қос теннисші алты рет кездесіп, алтауында да ресейлік спортшы ұтқан болатын. Берлиндегі турнирдің нәтижесінде Александр Бублик 500 рейтингілік ұпай еншіледі. Бұған қоса 472 мың еуро көлемінде сыйақы алды. Айта кетейік, бұл Бублик үшін 2025 жылғы маусымдағы алғашқы ірі жеңісі саналады.
Әзербайжан құрамасы Астанаға келді
Әзербайжан боксшылары Астанаға келді. Бұнда бір аптадан кейін бокстан әлем кубогы басталады. Бұл отандық спорт үшін өзіндік тарихи оқиға болмақ. Өйткені еліміз алғаш рет World Boxing ұйымының дүнижүзілік додасын қабылдағалы отыр. Қазірдің өзінде оған 30-дан аса елдің құрамасы қатысатыны белгілі және бүгінге дейін АҚШ, Канада, Франция, Сербия, Словакия, Швеция, Швейцария, Финляндия және Германияөкілдері келіп жетті. Бұған қоса, бүгін түнде Астана әуежайына Әзербайжан құрамасының да табаны тиді. Құрамында 11 боксшы бар. Олар алдымен елордада бірлескен жаттығу жиынына қатысады. Одан кейін Әлем Кубогында өнер көрсетеді. Байрақты бәсекенің өзі 30-маусымда басталып, 7-шілдеге дейін жалғасады. Жарыс елорда төріндегі Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады. Келем деушілдерге есік ашық. Яғни бокс жанкүйерлері тегін негізде залға кіріп, тартысты кездесулерді өз көздерімен тамашалай алады.