Көше баскетболынан ел үздіктері анықталды

Ел үздіктері анықталды. Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында 3х3 баскетболдан республикалық жарыс өтті, деп хабарлайды 24kz.

Айта кету керек, байрақты бәсеке жастар спорттық ойындары аясында ұйымдастырылды. Төрт жылда бір болатын додаға 20-дан аса команда жиналды. Қыздар арасында өз топтарынан үздік шыққан Атырау, Көкшетау, Түркістан және Астана құармалары бас жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде, Түркістан облысының қыздары жеңімпаз атанды.

Ал, ұлдар арасындағы бәсекеде Астана командасы топ жарды. Олар финалда жергілікті, яғни, Алматы облысының құрамасымен жолығып, 16:8 есебімен басым түсті. Жеңіске жеткен командалар Азия ойындарына қатысуға мүмкіндік алды. Яғни, олар биыл Бахрейнде өтетін құрлықтық додада ел намысын қорғайды.

Равшан Рахматуллаев, Алматы облысы Баскетбол федерациясының президенті:

- Біздің аймақта, яғни, Алматы облысында алғаш рет көше баскетболынан реуспубликалық деңгейдегі жарыс өтті. Кездесулер аса тартысты болды. Ішкі бәсекелестік артқанын байқадық. Жеңіске жеткен командалар алдағы құрлықтық жарыста ел абыройын асқақтатады деп сенеміз. Бұған қоса, бұл ойындар осы өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына және жастардың қызығушылығын арттыруға да өз үлесін қосты.