«Ақтөбе» Еуропа лигасынан шығып қалды

Сегіз дзюдошымыз Моңғолияға аттанды. Тура бір аптадан кейін Ұлан-Батыр қаласында жапон жекпе-жегінен әлемдік гранд-слэм өтеді. Оған Талғат Орынбасар, Ержен Еренғайыпов, Бауыржан Нарбаев, Мейіржан Жұмабек сияқты жігіттер қатысады. Ал әйелдер арасында бір ғана  спортшымыз Толғанай Әбеуова ел намысын қорғайды.

«Ақтөбе» «Легиядан» жеңіліп, Еуропа Лигасынан шығып қалды. Қазақсандық және польшалық клубтар осыдан бір апта бұрын Варшава қаласында кездесіп, «Легия» 1:0 есебімен жеңіске жеткен еді. Ақтөбе қаласында өткен қарымда матч та тура осындай есеппен аяқталды. Жалғыз голды 91-минутта қонақтар сапындағы Юрген Элитим соқты. Осылайша, екі ойынның қорытындысы бойынша қазақстандық клуб 0:2 есебімен жеңіліп, турнирден тыс қалды. Футбол сарапшысы Ербол Қайыров бұл сәтсіздікті командаға алынған жаңа ойыншылармен байланыстырады. Яғни, қысқа аралықта толыққанды үйренісіп үлгермеген. Бұған қоса,  бас бапкердің біліктілігі орта деңгейде дейді. Яғни, ақтөбелік клуб алдағы матчтарда да осылай жеңілетін болса, онда жаңа маман іздеуі керек. Айта кетейік, «Ақтөбе» Еуропа лигасының іріктеуінен шығып қалғанымен, Еурокубоктағы жорығын жалғастырады. Олар енді Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңінде өнер көрсетеді және келесі қарсыласы да белгілі. Чехияның, нақтырақ айтқанда, Праганың «Спарта» клубымен кездеседі.

«Ордабасы» конференциялар лигасымен қоштасты 

«Ордабасы» «Торпедомен» тең түсті. Бірақ, конференциялар лигасынан шығып қалды. Қазақстандық және грузиялық клубтар Шымкент қаласында қарымта матч өткізген болатын. Есепті қонақтар ашты. 13-минутта Ираклий Бидзинашвили мергендігімен көзге түсті. Екінші таймта грузиялық қорғаушы Соломон Кверквелия екі сары қағаз алып, алаңнан қуылды. Бірақ, бұл жағдайды шымкенттік команда ұтымды пайлана алмады. 96-шы минутта ғана Абылайхан Жұмабек гол соғып, таразы басын теңестірді. Қорытынды есеп: 1:1. Кутаиси қаласында өткен алғашқы матч 3:4 есбемен аяқталғанын ескерсек, 1 гол айырмасымен қонақтар басым түсіп, келесі кезеңге өтіп тұр.  Ал,  «Ордабасы» еурокубоктағы бәсекені аяқтады. Матчтан кейін стадионға жиналған жанкүйерлер бас бапкер Андрей Мартиннің қызметінен кетуін талап етті. Айта кету керек, қос мачта да, яғни, Ақтөбеде де, Шымкентте де, билеттер толық сатылып, стадионда ине шаншар орын болмады.

Б. Артаев: Сыр өңірінен Олимпиада чемпионы шығады

Олимпиадалық спорттарға қаржының 70 проценті жұмсалады. Қызылорда облысы  жаңадан қабылданған заң бойынша алғашқылардың бірі болып кешенді жұмысқа кірісті. Аймақ спортына жауапты Бақтияр Артаев арнайы жиын өткізіп, атқарылған жұмыстарды қорытындылады және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша,  бұған дейін қаржының басым бөлігі олимпиадалық емес спорттарға бөлініп келген. Қазір жаңа заң талаптары бойынша, керісінше, 70 процентін олимпиадалық спорттарға бағыттауға мүмкіндік туды. Бұған қоса, өңірде алғаш рет бокс клубы ашылды. Яғни, жекенің қолына өтіп кеткен «Тарлан» спорт кешені мемлекетке қайтарылып, енді болашақ чемпиондарды даярлаумен айналысады. Сонымен қатар, аймақта халықаралық деңгейдегі жарыстар жиі өткізіле бастады. Мәселен, жуырда күрес түрлерінен осындай байрақты бәсеке болды. Енді ауыр атлетикадан да халықаралдық жарыс ұйымдастырылмақ. Осы және өзге де бастамалардың арқасында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін олимпиадаға Сыр өңірінен ондаған спортшысын апарып, кемі бір алтын әкелу жоспарланып отыр.