Жас балуан Жаңажол Қуанышбек әлем біріншілігінде топ жарды
Жаңажол Қуанышбек – әлем чемпионы. Грекия астанасы Афина қаласында күрес түрлерінен жасөспірімдер арасындағы, яғни, 17 жасқа дейінгілер арасындағы дүниежүзілік дода өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Жарыстың алғашқы күндері грек-рим күресінің өкілдері белдесті. Бұл сынға 10 спортшымыз аттанған болатын. Араларынан 45 келідегі Жаңажол Қуанышбек барлық қарсыласын жеңді. Ол финалда қырғызстандық Нұркерім Құмарбековтен басым түсті. Сонымен қатар қоржынымызда 2 күміс және 2 қола жүлде бар. 48 келідегі Нұрдәулет Құмарұлы мен 55 келідегі Нұралы Асқар финалға дейін жетіп, ақтық сында ғана қарсыластарына есе жіберді. Ал, 65 келідегі Шамиль Досбол мен 71 келідегі Мәрлен Мейірбекұлы қола жүлдегер атанды. Енді бүгін қыздар арасындағы бәсекелер өтеді. Одан кейін бозкілемге еркін күрес шеберлері шығады. Афина қаласындағы дүниежүзілік доданың жалпы қорытындысы 4 тамызда белгілі болады.