АҚШ-та қазақстандық шахматшылар күміс жүлде иеленді
АҚШ астанасында өткен Халықаралық мектеп шахматы чемпионатында қазақстандық оқушылар күміс жүлде иеленді.
Мұндай нәтижеге Алматыдағы Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің өрендері қол жеткізді. Төрт күндік командалық сайыста Үндістанның «Веламмал Эм Эйч Эс» мектебі топ жарса, үшінші орынды америкалық «Харкер» білім ордасының оқушылары иеленді. Сегіз раундта Жәутіков мектебі командасы Дания, Түркия, Жаңа Зеландия, Өзбекстан ойыншыларынан асып түсті. Соның ішінде Ақылбай Иманғали бірде-бір қарсыласқа есе жібермей, үздік ойын көрсеткені үшін арнайы марапатқа ие болды. Халықаралық шахмат федерациясының қолдауымен ұйымдастырылған сайыс, осымен екінші рет өтіп жатыр. Байрақты бәсекеге еліміздің атынан алты мектеп қатысып, оның үшеуі үздік ондықтан табылды. Естеріңізге сала кетейік, Ақтауда өткен алғашқы біріншілікте де Қазақстан құрамасы екінші орын алған еді.
Саян Егенбердиев, республикалық физика-математика мектебі командасының бапкері:
- «Бапкер ретінде өте қуаныштымын. Командамыздың әр мүшесі жеңіс жолында зор үлес қосты. Бес жылдық еңбегіміздің нәтижесін көріп отырмыз. Ұйымшыл командамыз әлі талай жүлдеге ие болады деп сенемін.
Аида Мукатова, Қазақстан Шахмат мектебі делегациясының жетекшісі:
- Америка Құрама Штаттарының астанасында Вашингтон қаласында керемет шахмат бойынша турнир өтті. Өйткені біздің алты командамыз қатысты. Солардың үшеуі ондыққа кіріп отыр. 55 команданың арасында үш команданың ондыққа кіруі біз үшін керемет қорытынды деп айтуға болады. Үштікке біздің РФМШ Алматы командасы кірді. Төртінші орында Астана РФМШ, сегізінші орында Seed Educational Complex атты мектептер болды. Біздің балаларымыздың болашағы жарқын деп сенемін. Өйткені осындай жоғары деңгейдегі турнирлерде керемет жүлделі орындарға ие болып, көк туымызды желбіретіп отыр біздің кішткентай бүлдіршіндеріміз. Біз өте-өте қуаныштымыз.