Елордада таеквондодан халықаралық жарыс өтеді

Ертең елордада таеквондодан халықаралық жарыс басталады, деп хабарлайды 24kz.

Бүкіләлемдік додаға әлемнің 23 елінен 800-ге жуық спортшы қатысады. Олардың қатарында Олимпиада чемпиондары мен әлемдік рейтинг көшбасшылары бар. Осыған байланысты бүгін дүниежүзілік және республикалық таеквондо федерациялары Астанада баспасөз жиынын өткізді.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Биылғы турнирге қатысушылар электрондық датчигі бар арнайы қолғап киеді. Бұл жүйе әр соққының дәл әрі нық болғанын анықтауға мүмкіндік береді. Жаңа халықаралық ереже осындай. Жалпы бұған дейін таеквондодан G-1 санатындағы халықаралық жарыс елімізде екі мәрте өткен. Біріншісі 2015 жылы Алматыда болса, екіншісі 2017 жылы Атырауда. Міне, араға 8 жыл салып, Астанаға да кезек жетті.

Есбол Сұлтанов, таеквондодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері:

- Қолға шеттегі адамдар төрешілер кнопканы басып, ұпай қояды. Соның өзін электронды қылып, қолғапқа сенсор қойып, белгілі бір күшпен соққы жасаған кезде және соққысы техникалық жағынан дұрыс болғанда бір төреші мақұлдап, яғни аяққа қойғандай, қолға да сенсор қойып жатыр.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Қазақстан құрамасы толық құраммен қатысады. Оның ішінде таяуда Германиядағы жазғы универсиадада алтыннан алқа таққан Самирхон Абабакиров те болады. Сарапшылар осы спортшыға көп үміт артып отыр. Универсидада аяқтала салысымен бірден оқу-жаттығу жиыны басталған. Еске сала өткен жөн, жазғы универсиадада отандық спортшылар бір алтын және жеті қола жеңді.

Құдірет Шамиев, Қазақстан таеквондо федерациясының президенті:

- Келесі 2026 жылдың соңында гран-придің финалын Қазақстан ұтып алды. Және 2027 жылы болатын әлем чемпионатына өзіміздің өтінішімізді бердік. Және де гран-при алдындағы дайындық және әлем чемпионатын өткізуге қабілеттілігіміздің бар екенін және де Қазақстанда ыңғайлы, қолайлы жағдай бар екенін, инфрақұрылым сай келетінін көрсетуге біз үшін үлкен бір мүмкіндік.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Ашық турнир болғандықтан бұл жарысқа ұлттық құрамаларының сапына енбеген спортшылар да қатысуға мүмкіндік алып отыр. Сондықтан рейтингтік ұпай жинау үшін бұл дода аса маңызды. Айта өткен жөн, Қазақстан Open 2025 жарысы ертең басталып, екі күнге жалғасады. Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ақылбек Есімсейітов