Астанада қазақ күресінен әлем чемпионаты өтіп жатыр
Астанада қазақ күресінен әскери қызметшілер арасында әлем чемпионаты жалғасуда.
Оған 25 елден бас аяғы 200-ге тарта спортшы қатысып жатыр. Байрақты додада ел намысын Қарулы Күштер мен Мемлекеттік Күзет Қызметінің өкілдері қорғайды.
Бүгін тарихи күн. Қазақ күресінен тұңғыш рет әскери қызметшілер арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты доданың бәсі де жоғары. Себебі қатысушылар арасында дзюдодан әлем біріншіліктері мен олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне дейін бар.
Қатысушылар 16 салмақ дәрежесінде өзара мықтыларды анықтайды. Яғни ерлер мен әйелдер 8 салмақ бойынша сынға түседі. Алайда жарыстың алғашқы күні кейбір спортшыларымыз үшін сәтсіз басталды.
Еркебұлан Түсіпханов, ҚР ҚМ Спорт комитеті төрағасының орынбасары:
- Әттеген-ай жағдайлар болды. Жаңа біздің 2 ару қызымыз өз белдесулерінде есе жіберіп қойды. Сонымен қатар 100 келі салмақ дәрежесінде Айбек Ізтілеуов МКҚ атынан күрескен. Ол да Ресей палуанына есе жіберіп қойғанын көрдік. Бірақ олардың бәрінде 3-орынға күресетін үміті бар. Сондай-ақ бізде Армия Орталық Спорт клубының қатардағы жауынгері Нұрдәулет Бақтыбайұлы күресіп жатыр. Ол ақтық сынға шығып отыр. Одан тек алтын күтеміз.
Жарысқа осыған дейінгі ішкі іріктеулерден іркілмей, сынақтардан сүрінбей өткен балуандар қатысып жатыр. Нәтижесінде Күштік Құрылымдардың арасынан тек Қарулы Күштер мен Мемлекеттік Күзет Қызметінің спортшылары топ жарып, ел намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Ғұмар Қырғызбаев, жаттықтырушы:
- Алматы қаласында іріктеу болды. Ол жарыста бірінші орын алғандар ғана ел намысын қорғап жатыр осында. Сол іріктеуден өткен бірінші нөмірлі спортшыларды алып, Шымкентте бірінші, Алматыда екінші жаттығу жиындары болды. 2 ай құрамада. Команданың дайындығы жақсы. Өзіміздің ұлттық күрес болғандықтан, әрине, біз команда бойынша 1-орын алуымыз керек. Өзіміздің елде болып жатыр.
Ғани Келдіқұлов, Қазақ күресінен ұлттық құраманың бас бапкері:
- Бізде бұған дейін жүйелі түрде Азия және әлем чемпионаттары үздіксіз өтіп келеді және дүниежүзілік жекпе-жек ойындарына кірген болатынбыз. Енді міне, тарихи сәт әскерилер арасында әлем чемпионаты қолға алынып жатыр. Бұл дегеніміз Азия ойындарына кіруге бір табан жақындап келе жатырмыз деген сөз.
Жарыс жеңімпаздары 20:00-де белгілі болады. Ал ертең 60, 74, 90 және 100 келіден жоғары салмақтарда ерлеріміз боз кілемге шығады. Ал әйелдеріміз 52, 60, 70 және 77 келіден жоғары салмақтарда белдеседі.
Мерей Қанапия, Өрден Жарқын, 24KZ