Чемпиондар лигасы: «Қайрат» пен «Селтик» тең түсті

«Қайрат» пен «Селтик» тең түсті. УЕФА Чемпиондар Лигасының плей-офф кезеңі аясындағы матч сенсациялық нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды 24kz.

Қазақстандық «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» Глазго қаласында кездескен болатын. Матч 0:0 есебімен аяқталды. Тараптар қанша белсенді болғанымен, мүмкіндіктерін мүлт жіберіп жатты. Тіпті төреші ойын соңында 10 минут қосып берді. Оның өзі ештеңе өзгертпеді. Енді нағыз мықты Алматыда өтетін қарымта ойында анықталады.

Айта кету керек, бұл кездесуге Дастан Сәтпаев қатыспайды. Ол Глазгодағы ойынның соңғы минутында сары қағаз алып қалды. Яғни, осы еуромаусымдағы ескертулерінің саны үшеуге жетіп, алдағы ойынға шығу мүмкіндігінен айырылды. Ал, келесі кездесу 26 тамызда Алматыдағы орталық стадионда болады.

Айта кетейік, Рафаэль Уразбахтин баптайтын жігіттер биыл күтпеген жетістіктер тіркеп жатыр. Олар бұған дейін «Олимпиа», «Купс» және «Слован» командаларын жеңіп, алғаш рет Чемпиондар лигасының плей-олфф кезеңіне өтті. Енді алдағы матчта басым түсетін болса, топтық кезеңге түсіп, тағы да тарихи нәтиже тіркейді.